Жоқтаудан жалықтық – Риддерде жерлеу қызметінің жабылуын талап етті
Жылап-сықтау мен жоқтау естуден жалықтық. Риддер қаласының тұрғындары жерлеу қызметін көрсететін кеңсенің жабылуын талап етті. Бұл жерде өлген адамдарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ұйымдастырылады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
04.02.2021
Азан-қазан жоқтау айтқандардың дауысы төңіректегі тұрғындардың жүйкесін жұқартқан. Олар бұл нысанның басқа жаққа көшірілуін талап етуде.
Салттық қызмет көрсететін бұл кеңседен күніне, жоқ дегенде бір-екі адам мәңгілік мекеніне аттандырылады. Ақтық сапар алдындағы қоштасу рәсімі де осы жерде ұйымдастырылады. Ал маңайдағы тұрғындар азан-қазан жоқтаудан мезі болған. «Оның үстіне, мәйітті кіргізіп-шығарғаны да психологиялық тұрғыдан өте ауыр» - дейді.
Татьяна Зуева, Риддер қаласының тұрғыны:
- Адамның психикасына әсер етеді. Қоштасу рәсімі өтіп жатқанда жүрегім ауырады. Қан қысымым көтеріліп жедел жәрдем шақырамын. Өйткені мен де екі баламнан және жолдасымнан айырылдым. Сол қайғылы күндерім есіме оралып, ауыра беремін.
Шағын шаһардың қақ ортасынан ашылған нысанның жұмыс істеп тұрғанына үш жыл болған. Алғаш ашылғанда тек ритуалдық рәміздерді сатумен айналысқан. Ал қазір марқұммен қоштасу, жерлеу, белгі қою қызметін де көрсетеді. Тұрғындар кәсіпкерге мұндай мүмкіндік жасап берген «әкімдіктің әрекетін түсінбейміз» дейді. Өйткені адам аяғы көп жүретін жерде санитарлық талап мүлде ұмытылған.
Валерий Дьяков, Риддер қаласының тұрғыны:
- Бұл заңбұзушылық. Кім рұқсат беріп отыр? Қоғамдық орындардан мұндай мекеме алшақ болуы қажет. Ал бұл жолдан оқушылар да өтеді. Шамасы кәсіпкердің тамыр-танысы мықты сияқты.
Алайда атқамінерлер жұрттың сөзін жоққа шығарды. Салттық қызмет көрсету кеңсесін тексергендер «барлық құжаты заңды» дейді. Тіпті санитарлық дәрігерлердің өзі ешқандай олқылық таппаған.
Гүлмира Мырзағараев, Риддер қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
- Бізге кәсіпкер құжатын толық тапсырды. Жұрттың өтінішімен тексеріс жүргіздік. Онда арақашықтық – бәрі сақталған. Мекеменің орналасуы да санитарлық талапқа сай.
Дегенмен дүйім жұртты дүрбелеңге салған кәсіпкердің өзі қандай да бір пікір білдіруге құлық танытпады. Ал оған кәсібін жүргізуге рұқсат берген жергілікті билік мекемені жабуға «ешқандай негіз жоқ» дейді. Соған қарамастан, жылап-сықтаудан жүйкесі жұқарған жұрт салттық қызмет көрсету кеңесесін қала сыртына көшіруді талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!