Антисептиктен адам өлген орталықтың қызметкерлері қызметінен кетті
Павлодар облысында 17 жастағы тәрбиеленуші антисептик ішіп өлген орталықтың бес қызметкері жұмыстан босатылды. Бойжеткендерге бас-көз бола алмаған басшыдан бастап күзетшіге дейін қызметтен кетуге арыз жазыпты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.02.2021
Дінислам Болатханұлы, Павлодар облыстық білім басқармасының басшысы:
- Жеке өтініш жазып, бір медбике, екі тәрбиешінің көмекшілері, қарауыл өз еркімен жұмыстан босатылды.
Әзірге төрт қызметкер арыз жазған бойда жұмыстан босатылған. Ал арнайы орталық директорының өтінішін білім басқармасы әлі мақұлдаған жоқ. Олар тергеу ісінің аяқталуын күтуде. Мекеме басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен тағы бірнеше қызметкерге қатаң сөгіс берілді.
Қаңтар айының басында балаларға арналған арнайы орталықта тәрбиеленетін үш қыз антисептик ішіп уланып қалған. Жаңа жылды атап өту үшін ішімдік таппағандар санитайзерге су араластырып ішкен. Соның салдарынан бір бойжеткеннің миы ісініп қаза тапқан. Ал марқұмның құрбылары он күн ауруханада емделіп шыққан. Бірақ одан бері бір ай өтсе де үн-түнсіз жатқан орталық қызметкерлері тек қайғылы оқиға жұртқа мәлім болғанда ғана жұмыстан кетуге арыз жазған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!