Қалталы азамат пен қарапайым тұрғындар тартысы – Тараз
Таразда қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып айқасып жатыр. Аймаққа белгілі бизнесмен балалар алаңы деп белгіленген жерге үй салуға кіріскен. Бұған тұрғындар үзілді кесілді қарсы шықты. Дегенмен қазір көп қабатты нысанның құрылысы басталып кеткен. Жұрт оны тоқтата алмай әлекке түсуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
05.02.2021
Тұрғын үй кешенінде бас-аяғы 7 үш қабатты үй бар. Тұрғындар саны 150-ге жуық. Жұрттың үй сапасына өкпесі жоқ. Алайда аулаға келгенде айтары бар. Мәселен, балаларға арналған ойын алаңы жоқ, көлік жүретін жол тар. Ал стадионның сиқы – ұзындығы 16, ені 14 метр. Бұл жерде футбол ойнауға бола ма, болмай ма, оны өзіңіз бағамдап көріңіз.
Бас жоспарда балалар ойын алаңы, футбол стадионы, балабақша және жабық көлік тұрағы болады деп көрсетіліпті. Бұқара соған қызығып баспана сатып алған, енді өкініп отыр. Өйткені жобадағы нысандар атымен жоқ. Наразы топтың айтуынша, құрылыс жүргізген мердігер елді алдап үй алғызып, кейін көзбояушылық жасаған.
Исатай Бекбасаров, Тараз қаласының тұрғыны:
- Балалар алаңы деп салып бергендерін көрдіңіз бе? Салыстырыңызшы, балалар алаңы ма, қоқыс тастайтын алаң ба?
Кешенде тұратын жеткіншектер енді тас жолды жасыл алаңға айналдырып, осында доп тебуге мәжбүр. Ал негізі бұл жерге балалар алаңы мен футбол стадионы болуы тиіс. Бірақ бұл жерде қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Мердігер тағы бір көп қабатты үй салуға кіріскен. Бұқара компания басшысына шешімін өзгертуді өтінгенімен, нәтиже болмаған.
Шырынхан Сәдуақасов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Бұлар адаммен сөйлеспейді. Кабинетіне барсаң, қуып жібереді. Осы жерде қанша жиналыс болды, бәрінің ауызын жауып тастайды. «Керек болса үйңді сатып аламын, кет» - дейді.
Ал құрылыс компаниясының басшылығы мән-жайды түсіндіруден бас тартып отыр. Бірақ дауға әкімдіктің араласқаны белгілі болды. Сөйтіп шенділер құрылысты уақытша тоқтатқан.
Асхат Есеналиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Қожайынымен сөйлестім. Уақытша құрылысын тоқтатады. Әзірге қаланың бас сәулетшісімен барлық құжатын, жобасымен келіспейінше, құрылыс жүргізілмейді.
Қалталы азамат пен қарапайым тұрғындар тартысында кімнің жеңері әзірге белгісіз. Құрылысқа қыруар қаржы құйған кәсіпкер оңай беріледі дегенге сену қиын. Тұрғындар да «қарап жатпаймыз» дейді. Демек балалар алаңы үшін әлі талай айқас болатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!