Атырауда мейрамханалардың жұмыс уақытын ұзартуды талап етті
Атыраудағы мейрамхана қожайындары бас санитардың қаулысына қарсылық білдірді. Кәсіпкерлер қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын түнгі 12-ге дейін ұзартуды талап етуде. «Қазіргі шектеуге бола шығынға батып жатырмыз» - дейді. Тіпті кейбірі қызметкерлерінің 90 пайызын қысқартуға мәжбүр болған.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
05.02.2021
Карантиндік қатаң шектеулер атыраулық кәсіпкерлердің қолын байлап тұр. Өйткені өңірдегі жедел штабтың шешіміне сәйкес, дәмханалар мен асхананалардың жұмыс уақытын 20:00-ге дейін шектеп тастаған. Ал мейрамхана басшылығы меймандардың кешкі сегізден кейін келетінін айтып наразы.
Батыр Мұратов, мейрамхана қызметкері:
- Адамдар кешкі алтыдан соң жұмыстан шығады емес пе?! Тамақ ішіп, әңгіме айтып, бой жазуға келеді. Тапсырыс берем дегенше жарты сағат өтіп кетеді. Қызмет көрсетіп үлгермей қаламыз. «Айыппұл саламыз» деп келіп, есіңді тандыратындар тағы бар.
Елена Балашева, мейрамхана қожайыны:
- Атыраудағы мейрамханалардың бәріне бірдей талап қойылсын. Өйткені кейбірінің түнімен қонақ қабылдап жатқанын көріп жүрміз. Оларға әкімшілік үндемейді. Ал бізге келіп айыппұл салғанда есімізді тандырады. Тым болмаса 11-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат берсін.
Мейрамханалар карантиндік талапты бұзса, 630 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Оның үстіне Атыраудағы қоғамдық тамақтану орындарындағы қызметкерлерінің 90 пайызы жұмыссыз қалған. Тойхана иелері оларды қысқартуға жібермесек, банкротқа ұшыраймыз дейді.
Вероника Нұрпейісова, Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:
- Нұр-Сұлтан қаласы да «сары аймақта» тұр. Бірақ мейрамханалар 12-ге дейін жұмыс істейді. Жергілікті санитарлық дәрігерлер кәсіпкерлердің қолын байламай, керісінше, көмектесу керек. Мен түсінбей қойдым, Атырауда сауда орындары халыққа 22:00-ге дейін қызмет көрсетеді Ал мейрамханалардың жұмысын 20:00-ге тоқтатып тастады. Неге?
Атырау облысының бас санитар дәрігері кәсіпкерлердің талабын орындауға әлі асықпайды. Керісінше, шектеу шарасын бұзғандар жауапқа тартылатынын тағы да ескертті.
Мәдениет Танауов, Атырау облысының бас санитарлық дәрігері:
- Бұл жерде алгоритмге сай, барлық Қазақстан бойынша уақыты «қызыл аймақ», «сары аймақ», «жасыл аймаққа» байланысты өзгертіп отырамыз. Жаңағы жағдайға келетін болсақ, осы жұманың аяғына дейін эпидемиологиялық жағдайды қараймыз. Содан кейін шешім қабылданады.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мобильдік топ өкілдері кешкі сағат сегіз болмай, мейрамханаға баса-көктеп кіріп келеді екен. «Бұл жерді тез арада босатпасаңыз, сіздерге де айппұл саламыз» деп, меймандардың да зәре-құтын алатын көрінеді. Соның салдарынан Атыраудағы мейрамханалар біраз қонағынан қағылды. Ал ғимараттың іші қаңырап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!