Бұралқы иттерді аш ұстап өлтіреді – Алматы облысы
Иттердің көрген қорлығы! Жануарларды қорғаушылар Алматы облысында қаңғыбас иттерге арналған орындар санитралық-ветеринарлық талапқа сай емес деп дабыл қақты. Белсеніділердің айтуынша, ветеринарлар бұралқы иттерді аш ұстап өлтіреді. Одан қалса көшеде кезіп жүрген асыл тұқымды үй жануарларын әдейі аулап саудаға салатын көрінеді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
08.02.2021
Ветеринарлық станция мамандары мұның бірін де мойындаған жоқ.
Кадрден қаңғыбас иттердің темір үйшікке қамалғанын байқауға болады. Арып-ашыған иттерді ұзаққа аш ұстағандай. Қараусыз қалған иттерге арналған орынды көргенде Дарья Тавштейн жағасын ұстапты. Ол мекеменің мамандары иесіз иттерді саудаға салып, құлқының қамын күйттейтіні тіптен шектен шыққандық дейді.
Дарья Тавштейн, жануарларды қорғау ұйымының өкілі:
- Ұнаған итіңді өлімнен құтқару үшін ақша төлеу керек. Әсіресе асыл тұқымды иттерді сатады. Қаңғыбас иттерді ұстау қиын. Сондықтан олар көшеде жүрген үй жануарын да басып кетеді. Сосын сатады. Осылай ақша жасайды. Бұл деген барып тұрған бассыздық.
Жануарларды қорғаушылар ит аулайтындар асыл тұқымдылар әдейі аулайды дегенді алға тартады. Ал Қарасай ауданындағы бұралқы иттерге арналған уақытша изоляторларда санитарлық-ветеринарлық талаптар мүлдем орындалмайды екен. Ереженің сақталмауы әсіресе Алматы облысында белең алды деген белсенділер «үй жануарларын қорлауға ешкімнің қақысы жоқ» деп отыр.
Зинаида Савенкова, жануарларды қорғау ұйымының өкілі:
- Бізде үй жануарларына арналған уақытша изоляторлар мүлдем жоқ. Мына жерді мен қаңғыбас ит пен мысықтар арналған орын деуге аузым бармайды. Бұралқы иттердің қожайыны табылмаса оның көзін жоятын арнайы тәртіп бар. Ол ереже осы жерде сақталмайтыны айдан анық. Темір үйшікке 10-15 итті қамап, сосын бірінен кейін бірін аяусыз өлтіреді. Улы екпенің дозасын да дұрыс салмайды.
Ветеринарлық станцияның бригадасы көшелерде азық іздеп кезіп жүрген иттерді аулап осы жерге әкеледі. Сосын олардың суреттерін жариялап, иесін үш күн күту керек. Алайда белсенділер санаулы темір үйшікті босату үшін мамандар жануарлардың жанын алуға асығады деп ашынады.
Ал аудандық ветеринарлар айына 40-тан астам қаңғыбас итті аулап жоятынын жеткізді. Биыл құтырған төртаяқты хайуандар құтылуға 5 миллион бөлуге жоспарланыпты. «Ал иттерді белсенділердің өздері сатады»- дейді ветеринарлық станция қызметкері.
Көшербай Оразақынова, Қарасай аудандық ветеринарлық станциясының мал дәрігері:
- Облыс бізден күнделікті атқарған жұмысты талап етеді. Уақыт бойынша оларға ақпарат береміз. Дәрісімен ғана жоямыз. Қатігездікпен жою деген жоқ. Біз теріске шығарамыз ондай әңгімені. Блогерлердің өздері сатады. Олар алып кетеді. Кімге апарып беретіні белгісіз.
Жануарларды қорғаушылар облыстық ветеринария басқармасына арыз жазып, қаңғыбас иттерге арналған орынды тексеруді талап етті. Себебі, бұралқы иттерді аулау және жою нағыз бизнеске айналған. Олар құзырлы органдардың осы жайтқа назар аударуын сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!