«Мұндай табиғат апатын бұрын-соңды көрмегем» – Үндістан
Үндістанда таудағы тасқыннан қайтыс болғандар сәт сайын өсіп жатыр. Қазірге дейін 20 адамның мәйіті табылды. Құтқарушылар іс-түзсіз кеткен әлі 200-дей жұмысшыны таба алмай жатыр.
Автор: Аруна Ортай
08.02.2021
Қайғылы жағдай Үндістанның солтүстігіндегі Уттаракханд штатында болды. Гималай тауы шыңынан бөлініп түскен мұздық айналаны жапырып, тау етегіндегі алып бөгетті де бұзып өткен. Алапат тасқын жаңадан салынып жатқан екі бірдей су электр стансасын да қиратқан. Ал құрылыс басында 200-дей жұмысшы жүрген. Құтқарушылар тоннельде қалып қойған тек 12 адамды аман-есен шығарып алды. Тағы 20 адамның мәйіті табылған. Қалған жұмысшылар әлі іздестіріп жатыр. Құтқару шарасына 500-дей адам қатысуда.
Бұл бірінші алапат тасқын емес. 2013 жылы нөсер жауынның салдарынан өзен арнасынан тасып, мыңдаған адам қаза тапқан еді. Онда да бәрі қас пен көздің арасында болып, бүтін бір ауылды құтқаруға мүмкіндік болмаған.
Пуран Сингх Рана, оқиға куәгері:
- Бірінші қатты гүрсіл естідім. Жан-жағыма қарадым, еш нәрсе көрінбеді. Бір кезде аяқасты тасқын басталып кетті. Мұндай табиғат апатын бұрын-соңды көрмегенмін. Өзен жағасында жүрген адамдарға айқайладық. Бірақ олар бізді естімеді. Гүрсілі қатты болғаны сонша, өз дауысымызды естімедік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!