Қоянқұс-2 тұрғындары жылу мен жол азабын тартып отыр – Іле ауданы
«Саяжайда да қалыпты өмір сүруге қақымыз бар». Алматы іргесіндегі Қоянқұс ауылының тұрғындары бүгін осылай шу көтерді. Іле ауданына қарасты елдемекенде қысы-жазы тұратын 200-ге таяу отбасы бар. Барлығы жылу мен жол азабын тартып отыр. Интернеттің жоқтығынан онлайн оқитын оқушылардың сабақ үлгерімі де төмендеп кеткен.
Автор: Мақсат Мәлік
08.02.2021
Ал құр уәдемен кері қайтаратын жергілікті ақтамінерлер мұнда бірде-бір рет ат ізін салмапты.
Саяжай деген аты болмаса, «Қоянқұс-2» елдімекенінің заты бөлек. Халық қысы-жазы күн кешетін аумаққа алты жылда 200-ге таяу отбасы көшіп келген. Алайда Іле ауданына қарасты сұры қашқан мекенде толарсақтан саз кешкендер «өркениеттен жұрдаймыз» деп қынжылады. Қыл аяғы жекенің қолындағы жарыққа артық ақша төлейтін қараша қарапайым инфрақұрылымға зәру.
Алтын Тыныбаева:
- Жол жоқ. Балаларым жартылай пәтерде жүр, үйіміз осы жерде болса да. Өйткені олар жұмысқа бара алмайды, не автобус жоқ. Осындай көктем, күзде, жаңбырда – ми батпақ. Оқушылар бара алмайды. Кішкене болса да халықтың қамын жасаса, балаларымыз қасымызда өмір сүрер еді. Осындай қиын уақытта біз қиналып жатырмыз.
Берік Молдәлиев:
- «Газ келеді» дегеніне көшіп келгеннен бастап келе жатыр ғой әлі. Бір фирма келіп санап береді, екінші компания келіп санап береді. Балтыр компания 430 мыңға санап берген. Доллар қымбаттады, материал қымбат деп, қазір 700 мыңға дейін шығарып тұр бір үйге.
Көгілдір отын мен жол азабын тартқан тұрғындар интернет байланысының нашарлығы да тіршілігін тұсап тұрғанын айтады. Әсіресе карантин басталғалы ата-аналар мен оқушылардан маза қашыпты. Адымы ашылмайтын интернеттің кесірінен 300-ден астам баланың үлгерімі төмендеп кеткен.
Ләззат Өмірбаева:
- Бес балам бар. Төрт балам мектепте оқиды, 43-ші мектепте. Қазіргі карантин жағдайында онлайн болғандықтан біз үйде оқимыз. Интернет дұрыс ұстамайды. ZOOM-ға кіре алмаймыз. Балалардың оқуына кері әсер етіп жатыр. Кері байланыс жоқ мұғалімдерге. Олар талап етеді.
«Саяжайда тұрсақ та қалыпты өмір сүруге құқылымыз» деп ашынғандар талай рет ауылдық және аудандық әкімдік есігін қағыпты. Алғашында бір-біріне сілтеген жергілікті шенеуніктер саяжайдың қай ауылдық окургқа қарайтынын айта алмай қиналған. Алайда құрғақ уәдеге тойдырған атқамінерлер жағдайды көзбен көруге құлықсыз дейді тұрғындар.
Берік Молдәлиев:
- Әкімдікке барып жол жөнінде, газ жөнінде әкімге кіргенбіз. Кірген кезде «бара беріңіздер, арттарыңыздан орынбасарларымызды жібереміз» деген. «Ауылдарыңызды қарайды, жағдайларыңызды бір жағына шешеміз» деген. Содан бері әкімді де, әкімдіктен де бір адамды көрген жоқпыз. Өзімен-өзі өмір сүріп жатқан ауыл.
Әкімдердің бұл ауылда расымен шаруасы жоқ екен. Іле ауданының басшылары «саяжайда шаруамыз жоқ» дегенге келтіріп, мұрын шүйіріп отыр. Аудандық атқамінерлерден күдерін үзген жұрт енді облыс әкімі Амандық Баталовтан көмек күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!