Елордада каратинде акция өткізген гүл дүкенінің иесі жауапқа тартылды
Елордада карантинде акция өткізіп жұрт жинаған гүл сатушы дүкеннің иелері жазаға тартылды. Қалалық полиция ұйымдастырушыларға екі бірдей баппен айыппұл салып, ісін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жолдаған.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.02.2021
Оқиға кеше түс ауа болған. Елордада Мәңгілік ел даңғылының бойында гүл сататын дүкеннің ашылу құрметіне орай ұйымдастырушылар автокөлік пен қымбат телефон және басқа да бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Алайда біз мезетте жиылған 3 мыңға тарта адам жағдайды қиындатып жіберген. Адам санының көптігінен ұйымдастырушылардың аппараты да істемей, қалың нөпірдің кесірінен басты даңғыл бойында көлік кептеліп қалды. Қалалық полиция ұйымдастырушыларды ұсақ бұзақылық және қалалар мен елдiмекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бабымен әкімшілік жауапқа тартты. Олар шамамен 800 мың теңге айыппұл арқалауы мүмкін. Одан бөлек, карантин тәртібін бұзғаны үшін санитарлық эпидемиялық қызмет те шара қолданады. Осындай акция болары әлеуметтік желілерде 28-қаңтардан бері жарнамаланып келсе де, полицияның неге алдын ала тыйым салмағаны түсініксіз.
Азамат Садықов, Нұр-Сұлтан қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы:
- Әлеуметтік желіде хабарландыру қарастырылып отырады. Ауқымды іс-шара өткізетін жағдайда, тұрғындар жиналып жатқаны анықталып жатқан жағдайда. Ол жерде бір мезетте осыншама адам жиналатынын ешкім де білген жоқ. Сол себепті бұл жұмыстарды әрі қарай күшейтілген режимде жалғастырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!