Ковид вакцинасын салдырғандар қайта екпе алуы мүмкін
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға қайта екпе алу қажет болуы мүмкін. Иммунолог дәрігерлер осылай деп отыр. Ревакциналау шарасының өткізілуі әзірге болжам ғана.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.02.2021
Жалпы екпе егу науқаны басталғалы ресейлік «Спутник V» вакцинасын 9 мыңнан астам адам салдырған. Екпеден бас тартқандар мен оны ала алмағандар да жетерлік. Ковидке қарсы препаратты елімізде медицина мамандары бірінші болып қабылдауда. 100 мыңдай адам ақпан айының соңына дейін есеп бойынша вакцинаны салдырып болуы тиіс.
Covid-19 вакциналауының басталғанына бір апта өтті. Ақпан айының соңына дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтқандай, 100 мың медициналық қызметкерге екпе егілуі керек. Ақ халаттылардан соң мектеп пен университет мұғалімдері, медициналық қызмет көрсететін мекеме жұмысшылары кезекте тұр.
- Иммундау апталығында алматылық медицина қызметкерлері көш бастады. 1200 адам бір аптада екпе салдырып үлгерген.
- Солтүстік Қазақстанда 945 адам.
- Жамбыл өңірінде 750 ақ халатты коронавирусты жұқтырмаудың алдын алған.
- Шымкент пен Қызылордадағы медициналық ұйымдардың 500 маманы тегін вакцинаны өз еркімен қабылдапты.
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Ақпан айында 2030 доза вакцина салынады деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 719 адамға екпе жасап үлгердік. Оның ішінде өз еркімен бас тартқандар – 5 адам. Олар өз ойымен, түсінігімен вакцина салдырмаймыз деп шешті. Қалған вакцина салдырмаған адамдар медициналық көрсетілімі бар адамдар.
Алғашқылардың бірі болып екпе салдырған елорданың бас дәрігері бүгін «жағдайым жақсы» деп мақтанды. Вакцинаны алған күні Мұратов өзін әлсіз сезінгенімен, артынан «өздігінен ауру кетіп қалды» дейді. Әзірге еліміздегі ақ халаттылар арасында кері реакция тіркелген жоқ. Алайда иммунологтар қауіпті індетке қарсы вакцина алғандар бір жылдан кейін қайта егілуі керек дейді
Елена Ковзель, UMС клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бағдарламасының жетекшісі:
- Қайта вакциналауды бір-екі жылдан кейін қайта өткізу керек болатын шығар. Мұның барлығы екпе қабылдаған адамдардағы антиденелердің құрылымына және жасушалық иммунитетінің белсенділігіне байланысты. Соңғы кездері елімізде қызылшаға қарсы қайта вакцинациялау жиі жүргізіліп жүр.
Денсаулық сақтау министрлігіндегілер вакцинация коронавируспен күрестің ең тиімді жолы екенін тағы бір еске салды. «Тым болмағанда, екпе алуға мүмкіндігі барлар оны салдыра алмайтындар жақындарын ойлауы тиіс» - дейді мамандар.
Манар Смағұл, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары:
- Вакцина салдырғандар көбейсе, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Соның арқасында вирусты қоздырушылар жаңа біреуге жұқтыратын адам таба алмайды және вирустың белсенді циркуляциясын тоқтатады. Сондықтан вакциналау екпе салдыруға денсаулығы жарамайтын жақындарымызды, айналамыздағы адамдарды вирустан қорғайды. Сонда ғана вирустың таралуы азаяды.
Қазақстанда салынып жатқан коронавирусқа қарсы екпе Ресей елінікі. Ал қазақстандық препарат QazCovid-in –ді көктемге қарай шығарылады деп жоспарланды. Оның тиімділігі бұған дейін айтылғандай, 96 пайызды құрайды.
Жыл соңына дейін есеп бойынша 6 миллиондай қазақстандық кеселден қорғалуы тиіс. Әзірге 1-4 ақпан аралығында 9 мыңнан астам адам вакцина салдырды. Екпенің әсері ме, әлде отандастарымыз сақтық шарасын бұзбауды үйренді ме, әйтеуір елімізде індет жұқтырғандар саны азайып келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!