Ақтүтек боран: Республикалық және ауданаралық жолдар жабылды
Ақпанның ақтүтек бораны арқаға жетті. Еліміздің солтүстік өңірлерінде жылымық ауа үскірік желге ұласып, жолдар жабылып жатыр. Соңғы екі күнде республикалық және ауданаралық жолдың 34 учаскесі жабылған. Қазір Екатеринбург-Алматы, Нұрсұлтан-Теміртау, Қызылорда-Павлодар бағытында көлік қозғалысы шектелді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
08.02.2021
Бірақ дабыл-ескертуге қарамастан, жолға шыққандар көп. Соның салдарынан жол апаты да жиілеген.
Нұрсұлтан-Петропавл тас жолында түк көрінбейтін боранда алты көлік бір- біріне соғылған. «Мерседес» алдындағы «Газельге» соғылған кезде от лап ете түскен. Өрт сөндірушілер келіп жеткенімен, жеңіл машинаның түгі қалмай жанып кетті. Бір адам жеңіл жарақат алған. Республикалық маңызы бар жолда құтқарушылар синоптиктардың ескертуіне қарамай жолға шыққан 1700-дей көлікті аман алып шыққан, бірақ боран әлі басылмай тұр.
Қанат Доспаев, Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Автокөлік жолдарын ауа райының құбылуына байланысты кезек-кезек жауып жатырмыз. Осы күндері 34 жол учаскесін жауып, көлік қозғалысын шектеуге тура келді. Жаяу шығып кеткен адамды да іздеп таптық. Төрт жерде апаттан құтқару жүргізілді. Әйтеуір бәрі дін аман.
Табиғаттың тосын мінезінен ғимараттар да бүлініп жатыр. Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан жел Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданындағы бір жыл бұрын тапсырылған хоккей кортының жабындысын қиратып кетті.
Елордадан 100-ге тарта жүк көлігі шыға алмай қалды. Көбі Ресейден келе жатқан жүк тасымалдаушылар кешелі бері елорданың іргесінде қаңтарылып тұр. Ұзын-сонар созылған көліктердің тізбегі шақырымға жетеді.
Ауа райының қолайсыздығынан таңертеңнен бері Қарағанды бағыты мен түстен бастап Шучье бағытындағы күре жолдар жабылған. Полиция тек қалаға жақын жердегі ауыл тұрғындарын ғана өткізіп жатыр. Оның өзінде арнайы рұқсаты болуы тиіс. Ал көрші елден келе жатқан жүргізушілер «кешіккеннің кесірінен айыппұл арқалайтын болдық» деп қамығып отыр.
Ресейлік жүргізуші:.
- Ауа райының қолайсыздығынан деп жібермей жатыр. Бұл ақылы жол ғой, оны тазалап отыруы керек емес пе?! Не үшін ақы төлеп жатырмыз? Челябіден Алматыға темір әкеле жатырмын. Бір күн кешіктім. Оған тасымалдаушы ретінде айыбын арқалаймын. Қанша тұратынымызды да айтпайды. 112-ге хабарлассам, онда нөмірді қате тердіңіз деп тұр.
Солтүстіктегі қарлы боран Қазақстанның орталығына қарай ауысты. Қарағанды облысынан шығатын тас жолдардың бәрі таңертеңнен бастап тарс жабылды. Ақтүтек боран мен көктайғақтың кесірінен болған 18 жол апатынан үш адам зардап шеккен. Түнделетіп жолға шығып тұрып қалған 150-ге тарта көліктегілерді құтқарушылар жылы жерге жеткізген. Синоптиктер ақтүтек боран әлі де жалғасатынын ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!