{metadescription}
Тұздыбастаулықтардың сапасыз интернетіне жол азабы қосылған
Тұздыбастаулықтардың сапасыз интернетіне жол азабы қосылған

Тұздыбастаулықтардың сапасыз интернетіне жол азабы қосылған

Ілгері емес, кері кеткен ауыл. Алматы іргесіндегі Тұздыбастау ауылының тұрғындары «бүгін жол жабамыз» деп шу шығарды. Өйткені жол азабын тартып жүр. Көшелері тобықтан батпақ. Онлайн сабақ басталғалы сапасыз интернеттің де жыры қосылған. Жағдайды айтып барғандарды шенеуніктер есіктен сығалатпайды екен.

Сондықтан, жұрт жолды жауып, дау шығаруға мәжбүр. «Өркениет көшінен қалыс қалдық» деген тұрғындардың шағымын тілшіміз тыңдап қайтты.

- Мектепке жүретін жол. Бала қалай өтеді, білмейміз.

Лайдан қашқан, балшық басқан Рамиля Тоқтахунованың баласын мектепке жеткізуі азап. Кешқұрым уақыты киім мен бәтеңкенің батпағын тазалаумен өтеді.

Рамиля Тоқтахунова, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

Әкімдік біздің мәселені білмегендей. Интернет те жоқ, жолды да жасамады. Білмейміз, қанша жыл өтті, бес-алты жыл тұрып жатырмыз.

Күн бұлттанса, тұрғындардың да қабағында қырау қатады. Өйткені қар жапалақтап, жаңбыр жауса, көшемен жүру мүмкін емес. Әкімдіктен қайыр болмаған соң, былтыр өз күштерімен жолға тас та төсеген. Бірақ бар жыртықты жамауға ол жеткіліксіз.

Мадияр Тілеубаев, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

Облыс әкімі Баталов мырзаға жазғанмын. Баталов мырза Талғар ауданының әкіміне түсіреді, Талғар ауданының әкімі Тұздыбастаудың әкіміне түсіреді, Тұздыбастаудың әкімі өзінің орынбасарын жібереді. Мен қайта-қайта жаза бергеннен, Тұздыбастаудың әкімінің орынбасары: «Аға, жаза бермесеңізші, бюджетте ақша жоқ» дейді. Тағы да айтатын мәселе – көшелердің шекарасы айқындалмаған.

Айжарық ықшамауданында 100-ден астам түтін бар. Бәрінің тілегі – жөнді жолдың салынуы. Халық жиналғанын естіген Тұздыбастау ауылының әкімі осында жетті. Тек атқамінердің мұнда аяқ басуы тұрғындарға жаңалық екен.

Бес жылда әкімді алғаш көріп тұрмын, бұл деген жаңалық.

Алайда әкімге мұнда жолдың жоғы жаңалық емес. Жаңа ықшамаудан болғандықтан, жоспар бойынша жұмыс жүргізілетінін алға тартады.

Мирас Баймолданов, Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі:

- Жоспарда тұр. Орташа жөндеуді, бұл жерде негізі тротуармен болады, Тәуелсіздік көшесі. Оны зерттеп, биылға есеп берген кезде оны кіргізгенмін. Ауыл үлкен болғандықтан, бір басы осы жерде, екінші басы ауылдың жоғарғы жағын жасаймыз.

Тұрғындарды Алматыға қатынайтын автобустың да алыстан айналып өтетіні титықтатқан. Қордаланған мәселенің көптігінен сабыры сарқылғандар жолды жабуға бекінді.

- Осымен қаншама, бес жылдан бері бір автобусты былай жүргізбейді. Болды ғой енді! Болды, жүріңіздер, жолды жабамыз! Бәрі есуас болатын болды.

Дегенмен әкімдік «мәселе шешімін табады» деп, ашуланған адамдарды райынан қайтарды.

Айжарық ықшам ауданындағы жұрт жарықтан да әбден зәрезап болған. Трансформаторлар жеке қолда. Соның салдарынан қазаншының еркіне салған кәсіпкерлер ойына келген бағаны қоятын көрінеді.

Алматы іргесіндегі елдімекенде интернет жөнді істемейді. Мәселенің бәрін естіген әкімдік «биыл бәрі шешіледі» деп сендіріп отыр. Бірақ тұрғындар атқамінерлердің кезекті уәдесіне үлкен күмәнмен қарайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде