Тал түсте терезеден кіріп үй тонайтын әккі ұры ұсталды – Алматы облысы
Алматы облысында 26 үйді үптеп кеткен ұры ұсталды. Арнайы операция барысында құрықталған Қарабұлақ кентінің 36 жастағы тұрғыны жәбірленушілерге жалпы көлемі 15 миллион теңгеден астам шығын келтіріпті.
Автор: Мақсат Мәлік
09.02.2021
Тәртіп сақшылары ұрыны көлігімен кетіп бара жатқан сәтінде қолға түсірді. Тал түсте терезеден кіріп үй тонайтын күдікті көбінесе алтын бұйымдар мен ұялы телефонды алып кетіп отырған. Ізін жасыруды көздеген әккі ұры ауыл-ауылды аралауды әдетке айналдырған. Әсіресе Қарабұлақ, Шымыр, Бақтыбай, Балпық би елдімекені мен Талдықорған қаласында жымысқы әрекетін іске асырып келген.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД медиа-сарапшысы:
- Ұсталған азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де ашылмаған қылмыстарға қатыстығы тексерілуде. Өзге ақпарат тергеу құпиялылыған байланысты жария етуге жатпайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!