Жеке кәсіпкерлікті ашу және жабу жеңілдетіледі – E-Salyq Business
Елімізде жеке кәсіпкерлік ашу мен оны жабу шаралары жеңілдей түспек. Қаржы министрлігі E-Salyq Business қосымшасын әзірлеп жатыр. Ол қолданысқа енсе, құжаттамалар біршама азайып, қызмет ақысы да арзандайды.
Автор: Ербол Тұрымбет
09.02.2021
Бұған дейін халыққа арналған салық төлеудің ыңғайлы Е-Salyq Azamat мобильді қосымшасы әзірленген. Ол салықты онлайн төлеуге, артық төлемді болдырмауға және тағы басқа да жеңілдіктерге мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлерге арналған жаңа қосымшаның арқасында жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабу және салық есептілігін ұсыну біраз оңтайландырылмақ. Комиссия ақысы мен фискал деректер операторларының қызмет ақысы алынып тасталады. Салық органы қызметкерлері жаңа форма киеді. Саланы сараптаған жемқорлыққа қарсы агенттігі салық қызметкерлерінің еңбекақысы төмен, әлеуметтік қорғалмаған әрі жауапкершілігі тым жоғары деген қорытындыға келіпті. Соның салдарынан мықты мамандар бұл салада қалмайды деп байлам жасаған. Сол үшін министрлік олардың базалық жалақысын көбейтіп, бірыңғай киім үлгісін кигізіп, арнайы шен енгізгелі отыр.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Аталған ақпараттық жүйе мен цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу, деректер базасын өзектілендіруге және оны жеделдетуге, салық-кеден әкімшілендіруді оңайлатуға және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы аталған шараларды іске асыру 1 трлн теңгеден астам көлемде қосымша түсім әкеледі деп жоспарлануда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!