Теңгенің әлсіреуіне не ықпал етеді? Сарапшы болжамы
Биткойн бағасы бірнеше сағат ішінде тағы да рекорд жаңартты. Бір биткойнның қазіргі бағасы 47 мың 103 доллар. Бұл жолғы өсімге «Тесла» компаниясының жаңалығы себеп болған. Илон Маск 1 жарым миллиард долларға биткойн сатып алыпты. Компания жақын арада өнімдерін сату кезінде криптовалюта қабылдамақ.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
09.02.2021
Биткойн сияқты тарихи максимумға жетпесе де, бір аптадан бері нығайып жатқан теңге бағамына «Тесла» емес, бірнеше жағдай әсер етіп жатыр. Бүгінгі ресми бағам бойынша бір доллар – 417 теңге 76 тиын. Ал айырбас орындарында 419 теңге 5 тиыннан сатылып жатыр. Сарапшылар сөзінше, ұлттық валютаның аяқасты күшеюіне алдымен қара алтын бағасының қымбаттауы себеп. Brent сұрыпты мұнайдың баррелі соңғы сауда-саттықта 61 доллардан сатылуда. Мұндай деңгей өткен жылдың қаңтар айында тіркелген екен. «Америкалық» валютаның арзандауына, сондай-ақ, коронавирус вакциналауының да қатысы бар. Алайда бұған дейін Ұлттық банк теңгеге деген теріс әсердің сақталғанын ескерткен. Бұл Ресейге қатысты күтіліп отырған санкциялармен байланысты. Рубль әлсіресе, оның бір шеті теңгеге тиюі әбден мүмкін. Теңгенің алдағы тағдырына сарапшылар мынадай болжам жасады.
Әкімжан Арупов, Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры:
- Бізде жаңа Парламент пен мемлекет халықты әлеуметтік қолдау саясатын жариялады. Егер ертең бірқатар әлеуметтік сауалды шешу, яғни зейнетақыны немесе жалақыны көтеру, жұмыссыздықпен күресу қажеттілігі туындаса – мұның бәрі мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың шығыны. Теңге көп мөлшерде жұмсалады, тиісінше, Ұлттық банк бұл теңгенің белгілі бір партиясын қосымша шығаруы мүмкін. Бұл теңге бағамының әлсіреуіне ықпал етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!