Қызды айуандықпен зорлаған экс-прокурор мен экс-банкир сотталды
Алматыда сот қыз зорлаған экс-прокурор мен экс-банкирге қатысты үкім кесті. Екеуара сөз байланысып қызға қорлық көрсеткен дөкейлер енді 8 жылын түрмеде өткізуі тиіс. Және де жәбірленушінің денсаулығына зақым келтіргені үшін әрқайсысы 1 жарым миллион теңгеден шығын өтейді.
Автор: Аруна Ортай
09.02.2021
Жантүршігерлік қылмыс алдыңғы жылы Алматыдағы элиталы пәтерлердің бірінде болған. Бір жарым жыл дегенде үкімі шыққан атышулы іс туралы тілшіміз былай дейді:
Басты күдіктілер «не ішемін, не жеймін» демеген ауқатты азаматтар. Жүрек айнытарлық әрекеттері әшкере болмағанға дейін бірі – Алматы қалалық прокуратурада, ал екіншісі – елдегі ең алпауыт деген банктердің бірінде басшы боп істепті. «Ішкені алдында, ішпегені артында» екеуі алдыңғы жылы топтасып қыз зорлаған. Арада 1 жыл 3 ай өткенде ғана сот үкімі енді шығып отыр.
Теміржан Құдабаев, Бостандық аудандық №2 сотының судьясы:
- Қанат Әлімқұлды ҚР ҚК-нің 120-бабы 2-бөлігі, 121-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде өтесін.
Экс-прокурорды да, экс-банкирді де сот 8 жылға кесті. Қыздың жыныс мүшесіне зақым келтіргені үшін әрқайсысы 1 жарым миллион теңгеден төлеуі тиіс. Экс-банкир үкімін тергеу абақтысында отырып тыңдаса, экс-прокурор зәулім үйінде, өз бөлмесінде отырып естіді. Себебі, тергеу басталғанда-ақ 84 миллион теңге тұратын коттеджін кепілдікке қойып, бостандыққа шығып кеткен болатын. Бірақ бүгінгі түнді ол өз төсегінде өткізбейтін болды. Сот оған полиция қызметкерлерін жіберді. Конвойдың келе жатқанын естіген бойда экс-прокурор сасқалақтап, судьядан өзін қамамауды сұрады.
- Апелляциядан кейін сондай тәжірибе бар еді ғой?..
Алайда судья «апелляцияны күтейік» деген экс-прокурордың өтінішін кері қайтарып тастады. Жантүршігерлік қылмыс «Аэлита» деп аталатын элиталы тұрғын үй кешенінде болған. Тергеу мәліметінше, ішімдікке сылқия тойған банкир экс-прокурор досымен бірге өзінің жүріп жүрген қызын зорлаған. Жәбірленушінің айтуынша, 38 және 40 жастағы күдіктілердің көрсетпегені жоқ. Түні бойы топтасып зорлап, одан қалды, соққыға жыққан. Өзінің зорланғанын біраз уақыт дәлелдей алмай сенделген қыз үкімді естіп жылап жіберіпті.
Жанна Оразбақова, адвокат:
- Жәбірленуші үкімге риза. Сот әділ әрі қатаң шешім шығарды. Сот жүйесінің жәбірленушіні қолдап, үкім шығарғанына өз басым риза болдым. Себебі, көп жағдайда зорлау оқиғалары сотқа жетпей, тергеу кезінде-ақ тоқтап жатады.
40 жастағы экс-прокурор ажырасқан, ал 38 жастағы экс-банкирдің үйленгеніне көп болмаған екен. Кәмелетке толмаған баласы бар. Қыз зорлап, 8 жылға сотталған екеу енді жазасын орташа тәртіптегі түрмеде бірге өтейтін болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!