Сара Назарбаева Адамның үйлесімді дамуы институтын ашады
Елімізде адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты ашылады. Бұл Сара Назарбаеваның кезекті игі бастамасы. Ертең тұсауы кесілетін институтта еліміздегі бүкіл жастың тұлға ретінде қалыптасуына қолдау көрсетіледі. Бұл бүгін Сара Алпысқызының қоғамдық бастамаларын талқылауға арналған онлайн-конференцияда белгілі болды. Шараға қатысушылар әр жобаға тоқталып, жетістігін жіпке тізді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
10.02.2021
Зағипа Балиева, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Үміт үйлері тағдыр тәлкегіне тап болған жас аналарға теңдесіз қолдау болды. Жоба елімізде тастанды бала болмауын мақсат қылып қойды. Бұл үйлерде баланы уақытша қалдыруға болады. Әрі ана сәбиін қалаған кезде көре алады. Ал аяғынан тұрғанда оны алып кетеді. Елімізде осындай үйлер барын көпшілікке жеткізуіміз керек. Әрі бұл жоба тиісті бағасын алса екен.
Әркез қайырымдық істердің басында тұрған Сара Назарбаева екі күннен соң 80 жасқа толады. Онлайн-конференцияға қатысушылар мерейтой иесінің еліміздегі педагогиканың дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Тұңғыш президенттің жары «Өзін-өзі тану» балаларға рухани адамгершілік білім мен тәрбие беру идеясының авторы.
Сара Алпысқызы «Бөбек» қайырымдылық қоры арқылы мыңдаған жетім мен мүгедекке көмектесті. Аналарды қолдауға да үлкен назар аударды. «SOS Қазақстан балалар ауылдары» қорын құрып, жетімдердің асырап алған ата-аналарымен бірге тұруына жағдай жасағаны бәрінің есінде.
Гүлжан Асанова, «SOS Қазақстан балалар ауылдары» корпоративтік қорының директоры:
- Сара Алпысқызы «SOS балалар ауылдары» қорымен әрдайым байланыста. Бізге үнемі сыйлықтарын беріп жібереді. Ұл-қыздармен сөйлесіп тұрады. Былтыр карантин кезінде балаларды қажетті заттармен қамтыды. Соның арқасында дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдары жеткілікті болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!