{metadescription}
Балабақшаларда қызметкерлер қысқартылып, жиһазы сатыла бастаған
Балабақшаларда қызметкерлер қысқартылып, жиһазы сатыла бастаған

Балабақшаларда қызметкерлер қысқартылып, жиһазы сатыла бастаған

Қазақстанда мемлекеттен дотация алып отырған жекеменшік балабақшалар жабылудың алдында тұр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қаржыдан тарыққаны соншалық, қызметкерлеріне жалақы төлей алмай, оның санын қысқартып, тіпті жиһаз сатуға мәжбүр.

Балабақшалардың проблемасы бүгін парламент қабырғасында айтылды. Мемлекеттік білім беру тапсырысымен жұмыс істейтін балабақшалардың мәселесін тілшіміз зерделеп көрді.

Жекеменшік балабақшалардың аты жеке болғанымен, заты мемлекеттікі. Мемлекет балаларға мектепке дейін білім бер, ата-анасы алаңсыз жұмыс істесін дейді, олар соны істейді. Бірақ жалдап отырған ғимаратының, не қызметкерлерінің жалақысын сұрағанда, салалық органдар ізім-қайым жоқ болады. Сөйтіп мемлекеттік тапсырысты ала алмай жүргендер жабылып тынады.

Сөзімізге тұздық болсын деп, жарнамалық сайттарға көз салдық. Іздеу деген тұсқа «частные садики, продам» деп терсеңіз, неше түрлі балабақшаны таба аласыз. Арасында ғимаратты ғана емес, қолданған заттарын, жиһазын сатып жатқандар да табылады. Балабақшалардың мұндай әрекетке баруына мемлекеттік дотацияның дұрыс бөлінбеуі себеп. Мәселен, 2020 жылдың мемлекеттік тапсырыс қағаз жүзінде, орта есеппен алғанда 38 мың теңгедей болуы тиіс екен. Жекеменшік мекемелер тек 28 мыңнан алыпты. Сомадағы 10 мың теңге айырма қайда кеткенін ешкім білмейді.

Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:

Қазіргі уақытта әкімдіктер бір балабақша тәрбиеленушісіне жан басына шаққандағы норматив мөлшерін ерікті түрде анықтайды. Ал бұл белгіленген нормативтің орташа мөлшерінен едәуір төмен. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар мен педагогтер тиісті қаржыны ала алмай отыр. Көптеген маман жұмысынан айырылып, мекемелер жабылуда. 

Ақшаның жоқтығы тек мемлекет қаржысымен күнін көріп отырған балабақшадағы тәрбиешілерге ауыр соққы. Ақпан айының ортасы болды, Семейдегі балабақшалардың бірі қызметкерлерінің жалақысын төлей алмай отыр. Дотацияны балабақша еңбекақы мен жалдау ақысына, несие мен басқа да төлемді өтеуге жұмсайды.

Виталий Иодковский, балалар орталығының қаржы директоры:

- Дәл қазіргі күні педагогтердің жалақысын төлейтін ақшамыз болмай жатыр. Өйткені қаржы әлі бөлінбеді. Бұған мемлекеттік органдармен бір келісімге келе алмай отырғанымыз себеп. Бүгін мемлекеттік тапсырыстар порталына келісімшарт жіберген. Бірақ құжаттағы жан басына шаққандағы сомамен келіспейміз. Ол шығынды ақтамайды. Ал қарыз жиналып жатыр.

Күрмеулі мәселенің күрмеуіне түскен жекеменшік балабақша педагогтерінің мемлекеттік ұйымдағы әріптестерінен тағы бір айырмашылығы – жалақы көлемі.

Лейла Куленова, Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының басшысы:

Бізде сұрақ көп. Қалай шешу керек десеңіз, айтайын. Дұрыс жүйе қалыптастыру керек. Балалардың мәселелері әрдайым басты назарда болуы тиіс. Оны 12 айға индекстеу керек. Өйткені әр жылы әр өңірде бір мәселе қайталана береді. «Мемлекеттік» немесе «жекеменшік балабақша» деп бөлмеу керек. Бәрінде де бала тәрбиелеп отырмыз.

Депутат Дариға Назарбаеваны толғандырған сұрақты әкімдіктерге қойғанымызда, шенеуніктер «хат жіберіңдер, сосын жауап береміз» деумен шектелді. Дегенмен мәселенің жуық арада шешілетінін айтып ақталды. Өйтпеске болмас, егер проблема шешілмесе, елдегі 300 мыңнан аса бала тек үйінде тәрбиеленуі мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде