ЛРТ құрылысына ақша іздеп жатыр – Нұр-Сұлтан әкімінің есебі
Нұр-Сұлтандағы ЛРТ жобасының құрылысына қала әкімдігі ақша іздеп жатыр. Бірақ даулы бастаманы жергілікті инвесторлар аяғына дейін жеткізуге жүрексінеді екен. Сондықтан шаһар басшылығы шаруаны шетелдік банктерден қарыз алып тындырмақшы.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
10.02.2021
Ал он жылдап уәделі баспанасына кіре алмай жүрген 7 мың отбасы биыл қоныс тойын тойлайды деп сендірді қала әкімі. Алтай Көлгіновтің оптимизмге толы есебін тілшіміз тыңдады.
Астаналықтардың бетіне шіркеу болған алып тіреулердің құрылысына қайта жан бітуі мүмкін. Сол үшін шаһар басшылығы шарқ ұрып ақша іздеуге кіріскен. Елдегі инвесторлар даулы жобаны жалғастыруға ниетсіз болған соң, әкімдік шетелдік банктерден қарыз алудың жолын қарастырып жатыр. Дауымен даңқы шыққан ЛРТ жобасы осылайша мәресіне жеткізілмек. Алайда әзірге қарыз беремін деген шетелдік банк те табылмапты.
Биылғы онлайн есебінде қала басшысы ЛРТ-дан басқа біраз мәселеге тоқталған. Оның бірі – астаналықтар әбден жауыр болған үлескерлер жайы. Мыңдаған тұрғынның сорын қайнатқан мәселенің шешімін табуда «көп кідіртпейміз» дейді Көлгінов. Мәселен, биыл 7 мыңнан астам үлескер арман болған баспанасына кіреді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Көбіне құрылысы тоқтап қалған үйлердің жобалау құжаты да болмаған. Оның үстіне созылған сот процестері, қаржының жоқтығы шаруаның шешілуіне айтарлықтай кедергі келтірді. Айта кету керек, құрылысы созылып кеткен нысандарға инвестор табу қиын. Көбі басын ала қашады. Жалпы 15 мыңнан астам үлескер үй ала алмай жүр.
Әкімге тікелей базынасын айтып қалуға тырысқандардың арасында билік пен бұқараға дәнекер болады деген Open-әкімдік жобасын сынағандар болды. Шағымданушылардың айтуынша, шенеуніктер халықпен жұмыс істеуге құлықсыз.Тіпті халық кейбір аудан әкімдерінің жүзін ұмытуға айналған.
- Алматы ауданының әкімі бірде-бір рет келмеді. Кешіріңіз, сонда аудан әкіміне тұрғындар алабы мүлдем керек жоқ болғаны ма?
Алтай Сейдірұлы бұл жағдайды реттеуге уәде етті. Сұрақ қойғандардың арасында Испаниядан қоныс аударған азамат та қаланың экологиялық ахуалына алаңдайтынын жеткізіп, Мадридтегі тәжірибені қолдануды ұсынды – әр демалыс сайын көлік қатынасына тыйым салып, ауаның ластануына жол бермеу.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Бізде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға арнайы жоба бар. «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» деп аталады. Онда негізгі үш бағыт бар. Жаяу жүргіншілер үшін айтып отырған ұсынысыңызға рақмет. Сізді біздің жобаларымызға қатысуға және біздің командада болуға шақырамын.
Әкімдіктің бас ауруына айналған тағы бір мәселе – апатты үйлер. Қирағалы тұрған үйлерден былтыр 400 отбасы көшірілсе, биыл 200-ден астам ескі үй сүріледі. Биыл бұзылатын нысандардың тізіміне «Қазақстан» спорт кешені де енуі мүмкін. Көлгіновтың айтуынша, ғимаратты жамағаннан көрі, бастан-аяқ жаңасын көтерген ұтымдырақ.Бұл спорт кешені 2001 жылы ашылып, 2019-дың көктемінде аппатты жағдайда болған соң, жабылып қалған. Су жаңа спорт кешені 2022 жылы ашылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!