Жаңатаста көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалды
Жамбыл облысы Жаңатас қаласының 23 мыңнан астам тұрғыны екі күнен бері жылусыз қалтырап отыр. Шағын шаһардағы орталық қазандық істен шығып, тек көпқабатты үйлер емес, әлеуметтік нысандар да жылудан ажыратылған. Бұл жағдайға не себеп болды?
Автор: Руслан Әбдіхалық
11.02.2021
Жаңатас бір-ақ күнде жылуы жоқ қалаға айналды. Жылу болмаған соң, ыстық су да тоқтаған. Екі күнен бері тұрғындар үйінде қалың киініп, жатарда қат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр.
Аида Ақылбекова, Жаңатас қаласының тұрғыны:
- 9-ақпанда кешкі сағат жетіде тоқтап қалды. Үйіміз мұздай, жылу жоқ. Екі пешті қосып, бала-шағамызбен жаурап отырмыз.
Қалада 92 көпқабатты үй бар. Соның бәріне жылу жетпей қалған. Тұрғындар электр пешін қосып амалдап отыр. Алайда баспанадағы температура сонда да көтерілмей, үй қоңыр салқын тартқан. Соның салдарынан қарттар мен балалар шетінен ауыра бастапты.
Сәлима Жарқынбекова, зейнеткер:
- Не болғанын білмей, бәріміз тоңып отырмыз. Плитка қосып, оның өзі болмай жатыр. Менің денсаулығым жоқ, ауырып отырмын.
Тек тұрғын үйлер ғана емес, қаладағы барлық әкімшілік ғимарат пен әлеуметтік нысандар да осындай күйге түскен. Бүтін бір қаланың бүрсеңдеуіне не себеп болғаны кейін анықталды – жылу қазандығы істен шыққан. Қазандықтың суын қайнататын мазут сапасыз болған. Сол мұнай қалдығы тұтанбай әбігерге салса керек.
Ғани Ысқақов, «Жаңатас Су-Жылу» КМК директоры:
- Қаңтар айынан бастап бізге келіп жатқан сапасы төмен мазутқа байланысты осындай жағдай туды. Кешегі, бүгінге берілмеген жылу мен ыстық судың ақысы төленбейді.
Шенділер мектеп, балабақша мен ауруханаларға жылу беріле бастады дейді. Кешке дейін жағдай реттелуі тиіс екен. Ал болары болып, бояуы сіңгенде ғана іске кіріскен атқамінерлер жылу орталығына сапалы мазут алдырып, жанталасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!