Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері ереуілге шықты
Ақтөбеде қала ішіне қатынайтын автобустар жолға шықпай қалды. Жалақы көтеруді талап еткен 100 шақты жүргізуші ереуіл ұйымдастырып, жұмыстан бас тартқан. Олар: «Демалыссыз, күніне он екі сағат еңбек еткенде табатын айлығымыз 60-70 мың теңгеден аспайды» деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.02.2021
Енді оны 200 мыңға жеткізіп, күндік жоспар көлемін төмендетуді сұрайды. Төрт сағат бойы тоқтап тұрған автобустар қала әкімімен болған келіссөзден соң ғана орнынан қозғалды.
Таң атысымен Ақтөбеде автобустар жолға шықпай қалды. Соның кесірінен жолаушылар діттеген жеріне жете алмады. Бұған себеп – жүргізушілердің наразылығы. Олар бірнеше талап қойып отыр.
Қала ішіндегі автобустар таңғы бес жарымнан соң қатынай бастайтын. Бірақ бүгін «Ақтөбе қалалық жолаушылар автокөлік кәсіпорны» мекемесіне қарайтын көліктер гараждан шықпады. Өйткені жүргізушілер жиналып, наразылық білдіруде. Мемлекет меншігіндегі бұл мекеменің біраздан бері мәселесі шешілмей келеді. Жүргізушілер айналдырған үш айда осымен үшінші рет шу шығарып отыр. Өйткені демалыссыз күніне 12 сағат жұмыс істеп, 70 мың теңге жалақы алады екен. Оның жартысы құрал-сайман алуға кететін көрінеді.
Жандос Шағыпов, автобус жүргізушісі:
- Таңғы сағат бестен бастап, кешкі тоғыз-онға дейін істейміз. Сегіз, кіретін ең алдысы. Он төрт-он бес сағат рөлдеміз. Сонда алатынымыз 70-ақ мың. 21 күн істегенде мен 75 мың алдым. 70 мыңның 63 мыңын несие төлеймін. Қалғаны бала-шағама.
Жүргізушілер құрал алуға кеткен шығынды компания төлеуге құлықсыз деп отыр. Онымен қоса күндік табыс жоспарын да көбейткен. Енді, ең болмаса, айлығымызды 200 мың теңгеге жеткізсін деген талап қойып отыр.
Алмат Нұрмағанбетов, автобус жүргізушісі:
- Бізде деген дым жоқ. Ана доңғалақпен жазда жүру мүмкін емес. Жаңбыр жауса, тайғанақтайды. Қорықсақ та, тәуекелге бел байлап жүреміз. Бірдеңе сұрайсың – жоқ. Жоспар, тек жоспарды көтер, сонда жағдайыңды жасаймыз дейді. Бірақ түк жасамайды.
Ереуілшілерді сабырға шақыруға қала әкімі Асхат Шахаров жетті. Ол аялдамада автоус күткен жолаушылардың жайын айтып, райынан қайтуын сұрады.
- Шығайық, ұят болады, халық күтіп отыр. Ұят болады. Шығыңдар, не болса да, мен боламын, кетпеймін. Жұмыс жасайық...
Әкім жүргізушілерге күні бойы тек осы мекеменің мәселесімен айналысуға уәде етті. Күндік жоспарларын азайтып, жалақы мәселесін қазынадан бөлінетін субсидия есебінен көбейтеміз дейді.
Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:
- Субсидия мәселесін осы алдағы мәслихат сессиясында әлеуметтік маңызды маршруттарды белгілегеннен кейін, оған болашақта бюджеттен қаржы төлеу мәселесі шешілетін болады. Қазір анықтап отырмыз. Мекеменің бюджеті бар, табысы бар. Күнде жоспар қойып, мына жүргізушілер тапсырады. Соған байланысты наразылық та содан болды.
Төрт сағатқа ұласқан ереуілден соң автобустар жолға шықты. «Егер әкім сөзінен тайса, наразылыққа қайта шығамыз» деп отыр жүргізушілер. Ал қоғамдық көліктер жүрмей қалып еді, қалада бірден такси қызметі аспандап кетті. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, жолақы құнын екі есеге қымбаттатып жіберген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!