Жабылған Азия кредит банкіндегі салымшылар депозиті не болады?
Елімізде тағы бір банк жұмысын тоқтатты. Бұл жолы лицензиясынан айырылған – Азия кредит банкі. Қаржы ұйымындағы қиындықтардың басталғанына жылдан асты. Ал осы кезге дейін олқылықты түзетуге уақыт берілген болатын. Бірақ банктің ісі сол күйі оңға баспаған сыңайлы.
Автор: Асқарбек Қазанғап
12.02.2021
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімімен, Азия кредит банкінің енді бағалы қағаздар нарығында қызмет жүргізуге құқығы жоқ. Мыңдаған салымшының депозиті енді не болмақ? Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қайтарып беруге қауқары бар ма?
Елордалық Алина Иманғалиева 2019 жылдың жазында Азия кредит банктің депозитіне 5 миллион теңге қаржы құйған. Жиған-тергенін еселеймін деп жүргенде, енді өз ақшасын ала алмай әлек.
Алина Иманғалиева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Күзде біз 2 млн. теңге шешіп алдық. Он ай болған жоқ, сол кезде басталыпты, біз оны білген жоқпыз. Содан кейін шеше алмадық. «Ақша жоқ» деп айтты.
Азия кредит банк салымшаларының салы осыдан бір жарым жыл бұрын суға кетті. Қаржы ұйымы сол кезде кассадан ақша шешуді тоқтатып тұқыртқан еді. Клиенттердің көпшілігі пайыздық мөлшерлемеге қызығып қаржы құйған. Сайып келгенде сан соғып қалды. 2019 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы 73 хаттама толтырып, олқылық орнын толтыруға уақыт берген. Лицензиясынан айырылғанына қарағанда, банк кемшіліктен қорытынды шығармаған.
Дәурен Нисинбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктерді қадағалау бөлімінің басшысы
- 2019 жылы қадағалау органы банкті капиталандыру туралы талап қойды. Бірақ бұл талап орындалған жоқ. Қазір банк активтері 45,4 млрд. теңге. Соның ішінде 45 млрд. теңге несие портфелі болып табылады. Несие портфельдің 70 пайызы қайтарымсыз несиелерге тиесілі.
Соңғы мәлімет бойынша, банкте 23 174 азаматтың депозиті бар. Жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд. теңге. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры олардың депозиті толық көлемде өтеледі деп сендіріп отыр.
Әділ Өтембаев, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:
- Банктің салымшылары ешнәрсені уайымдамаса болады. Олардың салымы депозиттерге кепілдік беру қорымен қорғалған. Шетел валютасында 5 млн. теңгеге дейін, ұлттық валютада 10 млн теңгеге дейін, теңгедегі жинақ депозиттер бойынша 15 млн. теңгеге дейін төленеді. Алдағы уақытта Азия кредит банкінің активтері басқа банкке өтпесе, біз агент болатын банкті таңдап, төлем басталғаны туралы алдын ала хабарлаймыз.
Соңғы бес жылда елдегі қаржы ұйымдарының саны 35 тен 26-ға қысқарған. Яғни нарықтағы бәсекелестікке шыдамаған 9 банк соқпағынан шыққан, я басқаларға қосылған. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған банктердің тізіміне осылайша Азия кредит банк те қосылып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!