Қасым-Жомарт Тоқаев: Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды
Жоғары сот судьясының ұсталғаны президентті де бейжай қалдырмады. Қасым-Жомарт Тоқаев кешелі бері ақпарат көздерінде жарыса жазылып жатқан мәселеге «масқара жағдай» деп бағасын берді. Бүгін Ақордада сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша жиын өткізген мемлекет басшысы тағы бірқатар мәлімдеме жасады.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.02.2021
Енді бұдан былай мемлекеттік органдар бизнес ісіне жөнсіз араласса, шенеуніктер қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тек президент соны заң жүзінде бекіту туралы тапсырма бергенімен, мемлекеттік органдардың өзі оны орындауға асығар емес.
Сыбайлас жемқорлық шырмауына байланған мемлекеттік органдардың қызметкерлері ғана емес. Сот жүйесіндегі аталмыш былықтың біразы президентке дейін әлдеқашан жетіп болған. Біреуге бүйрегі бұру, қызметін өсіруге қолқанат ету сынды жасырын әрекеттер өңірлік соттардың арасынан астанаға дейін жетіп жығылды.
Кеше ғана жемқорлықпен күрес агенттігінің қолына түскен Жоғарғы сот судьясы соған дәлел болып отыр. Ресми мәліметке қарағанда, ол Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын басқа сотқа ауыстыруға жәрдемпек болыпты. Сол қызметі үшін ірі көлемдегі қаражатты кеше алып жатқан жерінде қолға түскен. Қазір сол ақшаны беріп жіберген де, алып жатқан да тергеліп жатыр. Бұл кеше белгілі болғаны. Ал жалпы соңғы бес жыл ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Президент Тоқаевтың мұны масқара жағдай демеске шарасы қалмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын.
Президент айтқан маңызды мәселенің бірі – мемлекеттің органдардың бизнеске жөнсіз араласуы. Жалпы бұл жөн-жосықсыз әрекетке тоқтау салу үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту керектігі туралы тапсырма берілген. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, ол сөз жүзінде қалып отыр. Оған қатысты заң жобасы жасалғанымен, күзден бері Мәжіліске жетудің орнына мемлекеттік органдардың арасында қаңғалақтап жүр. Амал жоқ, Тоқаевқа алдыңғы жолдауында айтқан тапсырмасын тағы қайталауға тура келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек деп санаймын. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу қажет. Бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты «кедергілер арқылы жүгіру» дейтін лабиринт бар сияқты. Мен бұл мәселелерді Жолдауымда да айтқан едім. Президент әкімшілігі менің тапсырмаларымның орындалуын қадағалау керек.
Сот жүйесін жаңғыртуға қатысты тағы бір жаңалық. Пандемия кезінде сот жүйесі де қашықтан жұмыс істеп дағдыланған. Сондықтан осы тәжірибе дамытылады. Ақпараттық жүйе жүктемесі аз судьяны автоматты түрде таңдайды. Ол жағдайда судьяның қай өңірде болғаны маңызды емес. Тек тараптар келісім берсе болғаны. Бұл сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!