{metadescription}
ІІМ интернет алаяқтарының сүйікті әдісін айтып берді
ІІМ интернет алаяқтарының сүйікті әдісін айтып берді

ІІМ интернет алаяқтарының сүйікті әдісін айтып берді

Елде интернеттегі алаяқтық әрекет көбейген. Тауарыңызды сатып немесе жеткізіп береміз деп алдайтындар жұртты миллиондап шығынға батырып жатыр. Әлеуметтік желіде әр түрлі ұтыс өткізушілер де аңғал адамдарды тақырға отырғызған. ІІМ-нің мәліметінше, биыл қаңтарда осындай қылмыс саны 1700-ден асыпты.

Наталья Моисеева бірер жыл бұрын кішкентай қызына арнап диван сатып алған. Бірақ қызына жақпай қалыпты. Сатып жібергісі келіп 35 мыңға бағалап, интернетте саудаға шығарған. 

Наталья Моисеева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Диванды мен шамамен жарты жыл бұрын саудаға қойдым. Қателеспесем, шілде немесе тамызда. Ұзақ уақыт бойы ешкім хабарласпады. Тек жуырда бір адам арзанға сұрап көрген. Оған бермедім. Содан кейін осы алаяқтар жазып, соларға алданып қалдым.

Әккі алаяқтар өзіміз жұмыста едік, жеткізіп беретіндерге төлейтін едік деген сылтаудың сан түрін үйіп-төгіпті. «Ақшаны интернет арқылы аударып жібереміз» деген соң, Наталья аңғалдықпен банк картасының құпия мәліметін айтып берген.

Наталья Моисеева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Ол біртіндеп нені басу керектігін айтып отырды, мен білместікпен, соның айтқанын істей беріппін. Сөйтіп басып отырғанымда олар менің картамнан Ресей рублімен, біздің ақшаға шаққанда 94 мың теңге шешіп алыпты.

Банк картасының құпия мәліметін сұрау интернет алаяқтығының кең таралған түрі. Саудадан бөлек, ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар немесе сол банктің қызметкері ретінде хабарласатындар да көп. Сол үшін қазақстандық сайттардың үстінен жұрт көп шағымданады. Оны полиция да растап отыр. Жуырда өткен үш күндік профилактикалық шарада 300-ден аса қылмыс тіркеліпті. Бір-екеуін мысалға келтіруге болады.

Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары: 

- Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері әлеуметтік желіде «IPhone сатамын» деп алдаған алаяқ жас жігітті ұстады. Ол 15 рет алаяқтық жасап, 3 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие алу көбейіп кетті. Мысалы, Шымкент тұрғыны «құжат табылды» деген хабарламаны көреді. Содан кейін суреттен адамның жеке куәлігіндегі деректі пайдаланып, алаяқ түрлі облыстан 50-ден аса адамның атынан несие алған.

ІІМ интернет алаяқтарының сүйікті әдісін айтып берді. Олар тауар бағасын арзандататын немесе тез жеткізіп беретіндер болып хабарласады. Сөйтіп сатып алушылардан арнайы дайындап қойған адамның есепшотына ақшанының бір бөлігін немесе толық аударуды сұрайды. Былтыр осындай 14 мың қылмыс тіркелсе, биылғы бір қаңтардың ішінде 1700-ден асқан.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде