Тоқаев бас прокурорға тапсырма берді
Бюджеттің әр теңгесі мақсатты жұмсалып, бизнес пен азаматтардың құқы тапталмауы тиіс. Тоқаевтың бас прокурорға берген тапсырмасы осындай. Мысалы, кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге мораторий жарияланғанымен, жөнсіз тексеріп, шаруасы тұралап қалған 500-ден астам бизнесменнен шағым түсіпті.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
15.02.2021
Жарияланған мораторийге пысықырып та қарамайтын құқық қорғау органдары кәсіпкерлерді болмашы шағымға бола қудалайды екен. Соның салдарынан кәсіп тоқтап, жұмысшылары көк тиын табыссыз отыр. Президент кәсіпкерлікке жасалған қиянат мемлекеттік саясатқа қарсылық ретіндегі қылмыс деп бағаланатынын ескертті. Прокурорлар енді басқа да органдармен тығыз байланыс орнатып, қаржы пирамидаларының тамырына балта шабуға кіріседі. Себебі, бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам адам зардап шеккен. Ал сауатсыз жоспардың кесірінен талай мәрте Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға мәжбүр болған сәттерге қарап, бюджеттің әр тиынының мақсатты жұмсалуын тексеру де прокурорлар міндетінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Шағым жазған әр адамға қажет ақпарат берілуге тиіс. Заң бұзушылықты жою жолдарын уақтылы көрсетіп, туындаған мәселені дер кезінде шешу керек. Былтыр прокурорлар «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй алуға кезекте тұрған жүздеген адамдардың құқығы бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, 686 адамға кезектен тыс үй берілсе, 400 пәтер заңсыз бөлінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!