Жедел жәрдем жүргізушілері мен санитарлар ашынып отыр – Ақтөбе
Ақтөбеде жедел жәрдем жүргізушілері мен санитарлар шу шығарды. Олар 103 қызметіндегі мамандарға жалақы көтерілгенде, өздері ескерусіз қалғанына ашынып отыр. Соңғы бес жылда айлыққа бір тиын да қосылмапты. 70-80 мың теңгені місе тұтқандар «мардымсыз айлық ішіп-жемге жетпейді» деп ашынып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.02.2021
Жыл басында жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы отыз пайызға көбейеді дегенде барлығы жаппай қуанған. Бірақ қуанышы көпке созылмады. Тек дәрігерлер мен фельдшерлердің ғана айлығы өскен. Ал олармен күндіз-түні бір жүретін жүргізушілерге бір тиын да қосылмапты. Айына алатын 70-80 мың теңгеге күн көру қиын болып кетті деп ашынады.
Бауыржан Исмайылов, көлік жүргізуші:
- Былтыр 20-30 пайызға қосымша ақы болады деді. Оны да қосқан жоқ. Былтыр маусымда қосқан жоқ. Кеше жалақы қосылып еді, жүргізушілерге бермеді. Фельдшерге, дәрігерлерге қосылды. Бәрі жақсы жалақы алып жатыр. Біздің айлық осы, ең көп жұмыс істейтін де өзіміз.
Алтай Аманжолов, көлік жүргізуші:
- Әркімнің басында бір-бір кредиттен бар. Комқызмет бар. Азық-түлік – бәрі қымбаттап кетті. Енді бұл жерде 80 мың айлық ештеңеге жетпейді. Не болса да, біздің жалақыны көтеру керек.
Қаладағы жедел жәрдем бекетінің бес санитар маманы да ескерусіз қалған. Олар тіпті қауіпті індет жұқтырғандарды ауруханаға тасымалдағаны үшін үстемақы да алмапты.
Анатолий Правда, санитар:
- Пневмония дертіне шалдыққандарды да тасыдық. Бірақ ешқандай үстеме ақы бермеді. «Санитарларға тиісті емес» деді. Бірақ біз де дәрігерлермен қатар еңбек еттік қой. Жұмыстың ең ласын істейтін – біз. Сондағы алатын айлығымыз – 77 мың теңге.
Жедел жәрдем бекетінің басшылары жалақыны өз бетімен көтере алмайтынын айтады. Оған облыс денсаулық сақтау басқармасының да әлі келмейді екен. Сондықтан әзірге тек жан-жаққа хат жолдаумен ғана отыр.
Марат Жанқұлов, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері:
- Біз жазуын жаздық. Біреуін «Сенім» деген кәсіподақ ұйымына жаздық. Мынау екінші хатымыз. Шұғыл жәрдем ұлттық орталығына да ұміттеніп жаздық. Олар қаржы министрлігіне, денсаулық министрлігіне жеткізетін шығар.
Көлік жүргізушілерінің жалақысына қатысты алғашқы хат осыдан екі апта бұрын жолданған. Бірақ елорда жақтан еш жауап келмепті. Министрліктегілердің бұл жайдан хабары бар-жоғын аймақтағылар нақты білмейді. Дегенмен жүргізушілер айлық мәселесін шешуге бір апта уақыт берді. Осы уақыт аралығында жалақы көтерілмесе, өзара облыс әкімдігі алдында наразылық ұйымдастыруға уағдаласты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!