{metadescription}
Нұр-Сұлтанда үкіметтен берілген баспана сапасы сын көтермейді
Нұр-Сұлтанда үкіметтен берілген баспана сапасы сын көтермейді

Нұр-Сұлтанда үкіметтен берілген баспана сапасы сын көтермейді

Сырты бүтін, іші түтін. Нұр-Сұлтанда әлеуметтік осал топтарға үкіметтен берілген пәтерлердің қалпы сын көтермейді. Құрылыс компаниясы нысанды тапсыруға қатты асықса керек, үйлерді толық аяқтамай кетіп қалған. Жарымаған жылу, жел азынаған терезе, қалай болса солай ақталған қабырға.

«Су жаңа үй алдық!» деп қуанған тұрғындардың көңілі қазір су сепкендей басылған. Ал мердігер «ақысына сай» деп міз бақпай отыр.

- Мына жерде босаға болуы керек. Өздерің сатып алып, өздерің жасаңдар еді.

Бұл отбасы жалғызбасты ана санатымен пәтерлі болып отыр. Ол үшін 10 жылдан астам уақыт бойы кезекте тұрған. Енді Арқаның желі құтырғанда үйдегілердің құты қашады. Өйткені терезенің бітелмеген саңлауларынан жел азынап тұр. Негізінен бұл баспана кешеніне әлеуметтік осал топтар қоныстанған.

Әсел Байтұрсын:

Менің жолдасым жетімдер санатында тұрып, 12 жыл бойы кезекте тұрды. Сонда алған үйымыз мынау. Төбесі, едені, қабырғалары қисық. Білмеймін енді, сантехника жағы мүлдем айтуға тұрмайды. Барлық жерден су атқылап, су ағып жатыр. Терезелер сынық, ол терезелердің барлығын ауыстыру үшін бір терезені бір айлап күттік.

Кіреберісте құрылыс жұмысы аяқталған соң мүлдем жиналмаған. Жеделсаты жұмыс істемейді. Бұл үйлерде қауіпсіздік ережесі де атымен жоқ. Өрт сөндіру жабдықтары орнатылмаған. Соған қарап, кешеннің тапсырылмай тұрып тексерілгеніне күмән туады. Құрылыс нысанын біреу қабылдап алды дегенге сену қиын. Бірақ тұрғындардың айтуы бойынша, баспана тапсырылған сәтте қала әкімінің орынбасарлары болды деседі. Алайда мына шашылып жатқан құрылыс қоқыстарын тұрғындардың өзі жинамаса, құрылыс компаниясы жинайды дегенге сену қиын.

Жұрт мұнда бір ай бұрын ғана көшіп келген. Содан бері құрылыс компаниясының да, әкімдіктің де табалдырығын тоздырып біткен. Бірақ еш әрекет жоқ.

Дархан Темірханов:

Үкіметтің аяп берген пәтерін қайтейін, ішінде дәретханасы мен ваннасы болмады. Мердігерге барып едім, адам санамайды. «Пәтер алғаныңа рақмет айт та, жайыңа жүре бер» деп шығарып салды. Бұл не деген масқара?! Билік тарапынан еш бақылау жоқ деп айтуға болады.

Белгілі болғандай, бұл үйлердің құрылысы бақандай 12 жылға созылыпты. Үш бірдей мердігер ауысқан. Құрылыс компаниясы көзге ұрып тұрған кемшіліктерді үйдің санатына қарай түсіндіріп берді.

Русланбек Қапанов, «Темір-құрылыс» ЖШС директоры:

Біріншіден, бұл эконом-класс санатындағы үйлер. Яғни, түсініп тұрған шығарсыздар? Әлеуметтік осал топтарына сапасы сол деңгейде деп санаймыз. Ал барлық кемшіліктерге арнайы бригада бөлдік, солар айналысып жатыр.

Өткен аптада ғана қала әкімі Алтай Көлгінов оптипизимге толы есебінде баспанамен қамту қарқынымен мақтанып еді. Соған қарағанда, «қарқынды үдетеміз» деп, үйлердің сапасын ұмытып кеткен сияқты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде