«Орақ қайда?» деп ойбайлағандар Мәдениет үйін басына көтерді – Қарағанды облысы
Қарағанды облысының Ақбастау ауылы орақ пен балғаның ескерткішінен айырылып аңырап қалды. Кеңес дәуірінің белгісі саналатын мүсінді белгісіз біреулер түп орнымен жұлып алып кеткен. Орнына еліміздің көк байрағын қадапты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
16.02.2021
Тұрғындардың толқыған соң, шағын ғана ауылда шұғыл жиналыс өткізуге тура келді. Жиналысқа аудан, тіпті облыс деңгейіндегі шенеуніктер келді. Кеңес кезіндегі жұмысшылар мен шаруалар символы қолды болған ауылға тілшіміз де барып келді.
Келмеске кеткен кеңес заманының есткеркіші саналатын мүсінді алып тастау туралы ұсыныс былтыр түскен. Сол кезде аттандағандар саны көп болып, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалыпты. Дегенмен өткен түні ауылдағы орақ пен балға ақыры із-түссіз жоғалыпты.
«Орақ қайда?» деп ойбайлағандар Ақбастаудағы Мәдениет үйін басына көтерді. Айтуларынша, ескерткішке тиісуге ешкімнің хақысы жоқ. Оны ұрлағандар молшылық пен тоқшылық жылдарына, қала берді бала махабатына деген сағынышты қолды қылды дейді.
Виктория Грицишина, Ақбастау ауылының тұрғыны:
- Балға мен орақтың түбінде ғашығымызбен кездесетінбіз. Күйеуім тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Мектеп бітіргендер ескерткіштің түбінде таңды қарсы алатын дәстүр қалыптасқан. Бұл жер өзімізге сондай ыстық.
Кеңестер дәуірін басқа ұлт өкілдері ғана сағынып жүрген жоқ. Жалындаған жас шағында шайқап жүрген күндерін осы күні самайы ағарған қариялар да еске алады.
Дүйсенбай Қожақай Ақбастау ауылының тұрғыны:
- Малымызды апарып, қыстан аман-есен шықтық деп, жуып отыратынбыз. Бала-шағамызбен баратынбыз. Енді, міне, қара, қандай болып қалғанын. Ауылдың сәні, бір жағынан ескерткіш қой. Қандай зиян көрдік? Кеңес үкіметінен көрген зиянымыз бар ма?
Тұрғындардың біразы: «Өз туы мен әнұраны бар тәуелсіз ел болғанда, ауылдың төбесіне орақ пен балғаны төндіріп қойғанымыз қай сасқанымыз?» - дейді. Осы ойы үшін жоғын даулап жүргендердің жауына айналған. Өйткені ескі ескерткіш осыдан бір апта бұран құлатылған екен. Оны коммунизмді сағынып жүргендер қайта орнатып, «әлгілермен» әкесінің құны кеткендей қызылкеңірдек болған. Енді қолды болғанын көргенде, тіпті жыларман күйге түсіпті.
Аспандияр Сейсенов, Ақбастау ауылының тұрғыны:
- Ауылда орыс, қазақ деп ешкім бөліп отырған жоқ, орыстілділік. Қай тілде сөйлейді сол тілге қызмет етеді. Оны арандатушылар, «біздің символымыз», «біздің қорғанымыз» деп. Көк тудың орнына қызыл ту тігіп, орақ пен балғаны неге қалдырмадық онда? Қазір біздің символымыз бөлек, өз әнұранымыз бар.
Биіктігі үш метр болатын мүсін «металл қабылдау пунктіне өтіп кетті» деген болжам айтылды. Оның орнына қойылған туды «заң талаптарына сай келмейді» деп, прокуратура алғызып тастапты. Ал жергілікті әкім тұрғындардың ауылға деген сезімін басқа жолмен оятпақшы.
Рымбек Тұяқбаев, Ақбастау ауылының әкімі:
- «Ақбастау менің жүрегімде», «мен Ақбастауды сүйемін» дегендер бар ғой, көп жерлерде қойылып жатыр. Сондай бір «Ақбастау жүрегімде» деген заманауи ескерткіш қойылса. Өйткені халық ертең бірін-бірі түсінбей, бөлінбесін. Сондай шешімге тоқтауымыз керек.
Орақ пен балғаның жоғалуы ауылдағы жалғыз проблема емес. «Жаз шықса, мал жаятын жер таба алмаймыз» деп қынжылады тұрғындар. Бәрі жекенің қолында. Ауыз су жүйесі де жиі сыр береді екен. Алайда коммунизмге деген сағыныштан туған дау күйбең тірліктегі түйткілдерді ұмыттырғандай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!