L-Capital халықтан жиған ақшасын қалтаға басып қашқан
Алматыда кезекті қаржы пирамидасының басшысы ұсталды. Тергеу мәліметінше, L-Capital компаниясының басшысы бір жыл бойы халықты алдап жиған ақшасын қалтаға басып қашқан.
Автор: Аруна Ортай
16.02.2021
Алданған салымшылар жаппай арызданған соң, L-Capital-дың кеңселерінде тінту жүргізілген. Алайда тергеушілер компанияның басшысын таппады. 59 жастағы әйел халықтан жиып алған ақшамен бірге баяғыда қарасын батырған. Алайда күдікті алысқа ұзай алмады. Тәртіп сақшылары кезекті қаржы пирамидасының жетекшісін тауып, қамауға алды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзін консалтингтік компания ретінде жұртқа таныстырған L-Capital азаматтарға ақшасын көбейтудің жолын ұсынады. Салған ақшасын бірнеше есе етіп қайтарады дегенді естіген халық үйін, көлігіне дейін сатып, қаржы пирамидасына миллиондап ақша құяды. Кейбірі тіпті банктен несие алып, құнды қағаздарға ақша салған екен. Алайда пайда тұрмақ, өз ақшасына қолы жетпей қалады. L-Capital осылай елді былтыр ақпаннан бастап алдап келген. Ал алданғандар әзірге 50 адам. Бірақ зардап шеккендер саны тағы өсуі мүмкін.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- L-Capital компаниясының негізін қалаушын Алматы полициясы ұстады. Тергеу басқармасының мәліметінше, жедел іздестіру шарасында 1962 жылы туылған И. есімді азаматша ұсталды. ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!