Зейнетақы жинағынан қанша қаражат қандай мақсатқа аударылып жатыр?
Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланатындардың 87 пайызы қаражатын баспана мәселесіне жұмсап жатыр. Оның ішінде жартысына жуығы жаңа үй сатып алуға ниетті. Тек 13 пайызы ғана ем-дом секілді өзге мақсатты көздейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.02.2021
Зейнетақы жинағының бір бөлігін алып жатқандардың 45 жарым пайызы жаңа үй сатып алғысы келеді. Тағы 28,3 пайызы ипотекасын жабуға, 10 жарым пайызы жаңа ипотека алмақ. Жер үй алғысы келетіндер үлесі 2,3 пайыз.
Бүкіл ақпараттық жүйелермен үйлестіріліп болған соң, биыл қаңтар айында зейнетақы қоры өтініш қабылдауды бастаған. Ұлттық банк төрағасы келтірген мәліметтерге сәйкес, өткен аптаның соңындағы жағдай бойынша зейнетақы қоры 115 608 адамнан өтінішін қабылдаған. Оның ішінде 78 мың өтініш мақұлданыпты. Қазір 75 мыңнан астам адамға 708 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған. Зейнетақы қорының табысы да өскен.
Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:
- Зейнетақы активтері 2021 жылғы 1-ақпандағы жағдай бойынша жыл басынан бастап 214 млрд. теңгеге немесе 1,7%-ға ұлғайып, 13,1 триллион теңге болды. Биылғы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 178,5 миллиард, зейнетақы жарналарының көлемі 88,8 миллиард болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!