Теміржолшылардың ескерткішін металлға өткізе жаздаған – Орал
Оралда теміржолшылардың ескерткіші байқаусызда металл қабылдау пунктіне өтіп кете жаздады. Қоғам белсенділері бұрынғы локомотив депосында тұрған вагон сүйрейтін отарбалардың кескілеуге түскенін кездейсоқ біліп қалған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
17.02.2021
Ескерткіштер осыдан 20 жыл бұрын депоның мерейтойын атап өткенде қойылыпты. Пайдакүнемдердің тарихи жәдігерге қол салуы тұрғындардың наразалығын тудырған.
Дәнілбек Саратов, БҚО Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы:
- Ешкімнің хқақысы жоқ! Бұл халық мұрасы, тарих, мәдениет! Депоны кім сатып алса да бәрібір, бірақ ескерткіш ретінде тұрған жәдігерге тиісуге болмайды.
Оралдықтардың теміржол саласына ықыласы ерекше. Өйткені Қазақстанда алғашқы теміржолдардың салынуы осы деподан басталыпты. Алайда бірнеше жыл бұрын кәсіпорын түбегейлі тұралап, жұмсышыларын таратып жіберген. Ал өткен айда депоның орнын жеке компания сатып алыпты. Олар ауладағы ескі жылу қазандығын бұзып, күл қоқыс тазартуға адам жалдағанбыз дейді. Сөйтсе жұмысшылар қызды-қыздымен қараусыз тұрған электровоз бен паровозды бөлшектеуге кірісіпті. Мұны байқап қалған қоғам белсенділері шу көтерген. Іс насырға шаппай тұрғанда жаңа қожайын кесілген бөлшектерді орнына қайта дәнекерлетіпті.
Нұрлан Бұжымов, «БатысКапитал лимитед» ЖШС директоры:
- Олар ауладағы темір-терсектерді кесумен айналысқан. Түсінбестікпен экспонаттарды да бөлшектей бастапты. Бұл жайды ести сала жұмысты тоқтаттым. Кесілген бөлшектерін орнына қайта орналастырдық. Жамалған жерін сырлап, әрлеп қоямыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!