Медициналық университтің оқытушылары сот шешімін даулайды
Алматыда Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің оқытушылары оқу орнын жаппауды сұрады. Ұстаздар жұмыссыз қаламыз деп алаңдаулы. Бұл оқу ордасын білім министрлігі лицензиясынан айырған болатын.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
17.02.2021
Өйткені университет ескертулерді елемеген. Бірақ сот пен жауапты министрліктің бұл шешімімен оқу орны басшылығы келіспей отыр. Сондықтан апеллияцияға жүгінбек.
«Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті жабылады» дегенді естіген оқытушыларда қазір маза жоқ. Болашақ дәрігерлер дайындайтын ұстаздар білім министрлігінің шешімімен келіспейді. Сондықтан олар тәуелсіз сарапшылар қайтадан тексеріс жүргізсін деген талап қойып отыр.
Раушан Аманбекқызы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің оқытушысы:
- Қазір 527 мұғалім жұмыссыз қалғалы отыр. Карантинде көрдік қой кім керек екенін. Адам ауырады. Оған дәрігер керек. Ол дәрігерді дайындау керек. Университетте тәуелсіз сараптама өткізсін. Осында істеп жатқан мамандардың шынымен дәрежесі жете ме екен? Әлде бұлардың айтып отырғаны өтірік пе? Басқа бір нәрсе сұрап отыр ма?
Университеттің лицензиясынан айырылғаны апта басында белгілі болған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аталған оқу орны бірнеше тексерістен кейін анықталған олқылықтарды түзеуге тырыспаған. Ақыры сотқа жүгініп лицензиядан айыруға тура келген. Алайда білім ордасының ұжымы мұны жоққа шығарып отыр.
Зәуре Ержанова, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің заңгері:
- Тексеріс қорытындысын көрген жоқпыз. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Соған қарамастан Білім және ғылым минситрлігі ресми мәлімдеме жасады. Бұл, әрине, орынсыз. Комиссия тексерісінен кейін біз олқылықтарды түзеген едік. Сұраған құжаттарын түгел көрсеттік. Бірақ минситрлік неге екені түсініксіз, осындай шешім шығарған.
Басына қара бұлт үйрілген оқу орнында 3 мыңнан астам студент бар. «Оларға алаңдамаса болады» деп отыр білім министрлігіндегілер. Барлығын басқа оқу ордаларына ауыстыруға дайын. Дегенмен пандемия кезінде дәрігер мамандарға мұқтаж уақытта медициналық университетті жабу қисынсыз деп санайды оқу орнының ұстаздары.
Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті алдағы уақытта апелляциялық шағым жазып, сот шешімін даулауға дайындалып жатыр. Білім және ғылым министрлігі де мәселені заң шеңберінде шешуге қары емес. Енді тараптар сот залында кездесіп, даудың соңғы нүктесін қоймақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!