Ақтөбеде індет кезінде қазына қаржысын оңды-солды шашқан
Ақтөбелік шенеуніктер пандемиядан пайда таппақ болған. Қауіпті індет ушығып тұрған кезде тыныс алу қондырғыларын қымбат бағаға сатып алып, қазына қаржысын оңды-солды шашыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.02.2021
Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес мүшелері аймақ басшысы мен прокуратура тарапынан бақылаудың жоқтығына шүйлігіп отыр. Әсіресе әкімдікке қарайтын әлеуметтік-кәсіпкерлік копорация жұмысына күмәнмен қарайды.
Ақтөбе облысындағы денсаулық саласына жауапты басшылар «қиын сәтте қалтаның қамын күйттеді» деп күйінеді билік партиясының белсенділері. Себебі, індет ушығып тұрған кезде жасанды тыныс алу қондырғыларын қымбат бағаға сатып алған. Жалғыз жедел жәрдем ауруханасының өзі үнемшілдікті ұмытып, сол аппаратқа нарықтағы құнынан бес миллион теңге артық жұмсапты. Ал УЗИ қондырғысына жұмсаған ақшалары екі есе көп.
Омархан Өксікбаев, Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес жетекшісі:
- Пандемия кезінде мемлекет кішкене оперативті түрде шешілсін деп, халықтың жағдайын ойлап, бір жерден алуды көздеді. Соған рұқсат та берді. Ал не істеп отырмыз? «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген. Осы өзімізді-өзіміз шалып отырмыз ғой. Кімге қиянат? Өзімізге қиянат, халыққа қиянат.
Аймақтағы денсаулық сақтау басқармасындағылар медициналық қондырғы алуға бөлінген ақшаны «қалтамызға баспадық» деп ант-су ішеді. Тендерге қатысқан компаниялардың ең төменгі бағасы сол болды деп отыр.
Самғат Ешниязов, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Медициналық техникаға заң түрінде бекітілген баға жоқ. Сол себептен орталық бағаны алып тендер жүргізу арқылы бәсекелес ортада тапсырыс берілді. Сол арқылы шыққан мемлекеттік сатып алу қортындысымен бағаға медициналық техника сатып алынды.
Ал облыстағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қатысты күмән көп. Қоғамдық кеңес сарапшылары облыс әкімдігіне қарайтын бұл мекеменің ақшаны оңды-солды шашып отырғанына сенімді.
Талғат Нәрікбаев, Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес мүшесі:
- Бұл мекеме дебиторлық берешектерді уақтылы қайтармаған. Ол бір миллиард 400 миллион теңге. Корпорация тарапынан жөнді бақылау болмаған. Қарызды қайтаруға салғырт қараған.
Ақтөбедегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да өзіне шаң жуытпай отыр. Аймақ басшысы да қарыздың бұрыннан болғанын мойындайды.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Шығын сол жылдары болғаны рас. Қазіргі әлеуметтік корпорацияның басшылығымен басым көпшілігі аудит жүргізілгеннен кейін, сол шығындардың өтеу барысы, иә болмаса, шығынға жазуға байланысты шара қолдануда.
Айналдырған үш жылдың ішінде Ақтөбе облысында 168 адам жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапқа тартылған. Олардың 50 шақтысы – шенеуніктер, қалғаны – тәртіп сақшылары. Олардың саны жақында әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені жемқорлыққа қатысты қозғалған 70 істі ақтөбелік прокурорлар жауып тастапты. Оған қоғамдық кеңес мүшелері күмәнмен қарап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!