Депутат өтірік уәде беретін шенеунікті жазаға тартуды талап етті
Депутат зейнетақы жинағын ем-домға пайдалану ережесінің әлі дайын еместігіне Денсаулық сақтау министрлігін айыптап, өтірік уәдені үйіп-төгетін шенеуніктерге қызметтік тексеріс жүргізіп, тәртіптік жазаға тартуды талап етті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
17.02.2021
Себебі, жинақты ем-домға жұмсау ережесін қаңтарда жариялау керек болған министрлік енді құжатты наурыз айында таныстырмақ.
Зейнетақы жинағын пайдалану туралы заң қолданысқа енгелі салымшылар ақшаларының бір бөлігін баспана алуға, ипотекасын жабуға жұмсап жатыр. Сонымен бірге қазақстандықтардың денсаулығын түзеп, емделуге де жағдайдың жасалатынын салалық органдар айтып кеткен. Денсаулық сақтау министрлігі стоматологиялық қызмет, медициналық оңалту, ЭКО, пластикалық хирургия жасауға жинақты жұмсауға рұқсат береміз деп уәде етті. Алайда айтқаны сол күйі өзгеріссіз.
Депутат Аманжан Жамалов олардың оңай уәде бере салатынына наразы. Мәжілісмен жауаптылардан барлық қажет актіні қысқа мерзімде қабылдауды сұрап, ал құжаттарды әзірлеу және келісумен айналысатын мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
- Білуімше, қазір бұл бұйрық Әділет министрлігінде қаралып жатыр. Барлық рәсім сақталған жағдайда ережелер тек наурыз айында күшіне енеді. Ал министрлік өкілдері бұған дейін талай рет уәде берген. Жалпы менің бір байқағаным, шенеуніктерге уәде беру оңай. Біздің басты байлығымыз – адам денсаулығы. Әлде парламент әр министрлікке заңнамалық актіні әзірлеп, бекіту керектігін үнемі ескертіп тұруы тиіс пе? Бұл олардың тікелей функциясы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!