{metadescription}
Алматыдағы Тастыбұлақ ықшамауданы ми батпаққа айналған
Алматыдағы Тастыбұлақ ықшамауданы ми батпаққа айналған

Алматыдағы Тастыбұлақ ықшамауданы ми батпаққа айналған

Алматы деген аты ғана. Қала шетіндегі Тастыбұлақ ықшамауданының тұрғындары осылай шағым айтты. Жұрт мұнда расымен жабайы табиғатта күн кешіп жатқандай. Дәл қыс алдында кәріз жүйесі мен су құбырын тарту жұмысы басталып, көшелердің астан-кестеңі шыққан. Жоспар бойынша асфальт төселуі тиіс еді.

Бірақ кейінге шегерілгендіктен, енді олар күн жылығанда еріген жолда батпақ кешіп өмір сүруге мәжбүр. Не өздері, не көлігі жүре алмай қиналғандарда жергілікті әкімдіктің шаруасы жоқ. Ал тапсырыс беруші «Алматы-су» мекемесі шыдаудан басқа амал жоқ деген сыңай танытты.

Көлігі де, өзі де тар жолда тайғақ кешкен Мұхаммедрақым Жарқынбектің бас шайқаудан басқа амалы жоқ. Үйіне жетуі де, кетуі де күн сайын азап.

Мұхаммедрақым Жарқынбек, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бүгін қайта кішкене құрғаңқырап өтіп жатырмыз. Әйтпесе, міне, галошпен жүреміз, мынандай. Міне, машинеге салып қойып,  ана жаққа қойып, жаяу өтеміз. Бүгін ғана бірінші рет өтіп тұрмын.

Талдыбұлақ ықшам ауданы тұрғындарының ышқынатын жөні бар. Қыс алдында басталған жөндеу жұмысы аяғына  жетпей, асфальт төселмей, қазылған жер қайта көмілген соң, быламық ботқаға айналған.

Осылай пакетпен жүреміз. Аяқ киімнен аяқ киім қалған жоқ.

Он бестей көшенің күйі осы. Ақпанда күн жылынғаннан бері лай таптап, судан аттап, қала деген аты болғанмен, оған сай инфрақұрылымы жоқ жерде күн кешуде. Қырық батпан батпақта жеңіл көліктің жүруі мүмкін емес. Тек жол талғамайтын темір тұлпарлардың өзі әрең өтеді. Ал үйден шығып көшенің арғы бетіне бет алған тұрғындардың балшыққа әбден батады.

Кәріз жүйесі реттеліп, су құбыры жүретініне о баста қуанған жұртшылықтың көңілін батпақ су сепкендей басты. Асфальт төсеудің көктемге қалары бар, әкімдіктіктегілердің аспаннан түскендей, неге бәрін ескермегеніне көпшілік қапа.

Гүлнәр Ескелдинова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қара айранның ортасында ойрандап жүрміз. Елу метр мен дүкен. Балаларымды жібермеймін, көлікпен барамыз. Өйткені батпақта бұл жүру  мүмкін емес. Қаншама айтып жатырмыз, әкімшілікке айттық.

Мердігер компания өкілі осы ортадан табылды. «Жер кепкен соң жұмысты аяқтаймыз, шыдаңыздар» дегенмен шектелді.

Сексенбей Сейітбеков, мердігер компания өкілі:

- Жоспар бойынша біз қысқа дейін салып тастауымыз керек еді. Бірақ соны үлгере алмадық. Өздеріңіз де көріп тұрсыздар, көшенің бәрі тар, техниканың жүруі ыңғайсыз. Кішкене, қазір 15-20 күн шыдау керек.

Тапсырыс беруші «Алматы-су» мекемесі сұхбат беруден бас тартты. Телефон арқылы «жақын арада бәрі қалпына келеді», «сабыр етуден басқа амал жоқ» деп, әңгімені жылы жапты. Тастыбұлақ тұрғындарының енді «шықпа жаным, шықпа» деп күтуіне тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде