ЖОО-рын тексерген министрлік біраз былыққа көз жеткізді
Жасы отыздан асқан студенттердің білім үшін келгені күмәнді. Білім және ғылым министрлігі елдегі бірқатар жоғары оқу орындарына осылай шүйлігіп отыр. Өйткені қазір елде бірқатар жоғары оқу орындары студенттерінің жартысынан астамының жасы отыздан асып кетіпті.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.02.2021
Мирас Дәуленов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Бұл студенттердің білім емес, диплом үшін келетіні түсінікті. Олар бірінші курстан бастап тұрақты түрде зейнетақы аударымын жасап отырады, яғни жұмыс істейді. Ақырында қандай маман шығатынын түсіну қиын емес.
Жоғары оқу орындарын тексерген министрлік біраз былыққа көз жеткізгенін айтады. Соның нәтижесінде соңғы бір жылдан аса уақыт ішінде 33 жоғары оқу орнынан 110 қосымша лицензиясы қайтарып алынған. Яғни университеттер ең төменгі талапқа сай болмаған. Осындай тексерулер нәтижесінде қазір елдегі 8 университеттен бүкіл білім дәрежесі бойынша лицензиясы қайтарып алынған. Бакалавр да, магистратура және докторантура бойынша да оқыта алмайды. Тағы бір жаңалық: алдағы уақытта Петропавл мен Шымкентте Назарбаев университеті үлгісінде оқу орындары ашылады. Ерекшелігі – академиялық дербес және оқу бағдарламаларын шетелдік серіктестері университет басшылығымен бірігіп жасайды.
Мирас Дәуленов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Әр шетелдік серіктес университет басшылығымен бірге оқу бағдарламасына жауап береді. Сол оқу орындарына арнайы оқу корпустары, мұғалімдер мен студенттерге бөлек-бөлек жатақхана салу көзделіп отыр. Ең бастысы, Назарбаев университетінің үлгісі дәлме-дәл көшіріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!