Туыстар арасындағы жанжал өліммен аяқталды – Алматы облысы
Туыстар арасындағы жанжал өліммен аяқталды. Алматы облысында 47 жастағы ер адам туған жиенінің қолынан ажал құшты. Ұрыс-керіске көлікке талас себеп болған. Ал нағашысын өлтірген қаскөй бастапқыда оқиға орнынан қашып кеткенімен, кейін кінәсін мойындап полицияға өзі барыпты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
18.02.2021
Марқұмның жақындары оның жалғыз болмағанына сенімді. Ағайынның арасына жік салған қанды қылмыс қалай болды?
Қайғылы оқиға Талғар ауданындағы жанармай бекетінің алдында болған. Аңшылықпен айналысатын Қуаныш Аяпов мылтықтың дүрбісін осы жерде сатпақ болыпты. Алайда хабарлама бойынша келгендердің жоспары мүлдем басқа екен. Кездесу туралы келіскен жігіттің артынан кенет адам толы қос көлік келіп, Қуанышты қоршап алған. Сөйтіп бас-аяғы бес минуттың ішінде ол қансырап жерге құлапты. Мұны осындағы қызметкерлер көрген.
- Міне, осы жерде бір топ адам болды. Арасында бір адам сұлап түсті, өлтіріп тастады. Содан кейін оны осылай сүйретіп әкетті.
Кейін бір топ адам оқиға орнынан із суытқан. Ал қанға бөгіп жатқан ер адамға бекет қызметкерлері көмекке келеді. Жедел жәрдем мен полицейлерді шақырған. Бірақ Қуаныш олар келгенше жан тапсырды.
Назгүл Аяпова, марқұмның келіні:
- Сараптама боойынша ол кісіде 12 жарақат болған, пышақпен жасалынған. Артына екі рет пышақ сұққан және алдына, 10 рет. Жүрек тұсына, кеуде тұсына пышақ сұққан. Мұрны сынған, қолында жарақат бар деді.
Көп ұзамай қашқындардың бірі кінәсін мойындап полицияға өз аяғымен барыпты. Қуаныш есімді аттасы марқұмның туған жиені екен. 28 жастағы жігіттің мұндай қастандық жасауына «бұрынғы кек себеп» дейді қаралы отбасы.
Өмірбай Аяпов, марқұмның ағасы:
- Арасында бір көлігі бар. Қанша білем, ондай машина болған жоқ інімде. Ол жігіттің әкесі мен менің інім екеуі туысқан ғой енді. Бірге жүрген, екеуі жолдас болған. Соны ойлаған шығар. Көлігін алып қойды деп.
Ұзақ жыл араласпай кеткен жиені жеті ай бұрын ойламаған жерден пайда болыпты. Сөйтіп Аяповтардың мазасын ала бастаған көрінеді.
Мәдина Аяпова, марқұмның қарындасы:
- Жанжал жеті ай бұрын әкеміз қайтыс болғаннан кейін басталды. Осы адамдар біздің отбасымызды мазалайтынды шығарды. Тіпті басқа ағаларымызға қарақшылық шабуыл жасады. Полицияға жүгінсек те, ешкім жауапқа тартылған жоқ. Енді солар мына қылмысты жасап отыр.
Аяповтар іс тағы жылы жабылып қала ма деп күдіктенеді. Ал полицейлер қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Ернар Сайделдин, Алматы облыстық ПД сарапшысы:
- Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы, бірінші бөлігі бойынша тіркелді. Сол күні полицияға марқұмның туысы болып табылатын Алматы қаласының 28 жастағы тұрғыны кісі өлтіргенін мойындап келді. Бұл істі тергеуге атериалдар арнайы прокуратураға жіберілетін болды.
Ал қаралы отбасының талабы бір – Қуаныштың өліміне қатысы бар барлық қылмыскерге тиісті жаза беру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!