Елордада тыйым салынған көңіл көтеру орындары емін-еркін жұмыс істеуде
Сот шешімін аттап өтудің амалын тапқан. Карантин талаптарын бұзғаны үшін айыппұл арқалап, үш айға дейін жұмысын тоқтатылуы тиіс көңіл көтеру орындары ел астанасында қызметін емін-еркін жалғастырып жатыр. Тіпті өз әрекетінде заң бұзу жоқ екеніне нық сенімді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
18.02.2021
Диля Сайфуддинова, әкімші:
- Бұл көңіл көтеру орны басқа серіктестікке жалға беріліп отыр. Ал жұмыс істеуіне шектеу қойылған компания қазір мұнда қызмет көрсетпейді. Негізі ғимараттың жұмысына тыйым салынған жоқ қой. Сондықтан заңға қайшы әрекет жасап жатқан жоқпыз.
Караоке-бар қаңтарда және ақпанда екі рет жабылған. Санитар мамандар ережені сақтамағаны үшін айыппұл салып, соттың көмегімен бір айға жұмысын тоқтату туралы қаулы да шығарған. Бірақ серіктестік атын ауыстыра салып, жұмысын әлі жалғастырып жатыр. Мамандар бұл заңға қайшы дейді. Сондықтан жуық арада бұл мекеме үшінші мәрте әкімшілік жауапқа тартылады.
Қаңтар айынан бері 270 жеке және заңды тұлға карантин талабын бұзғаны үшін жауапқа тартылып, 64 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Ал жиырмаға жуық нысанның жұмысы уақытша тоқтатылыпты.
Айман Жаңатаева, Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Сот шешімімен 17 қаулы қабылданды. Ол жерде кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапқа тартып, жалпы көлемі 4 миллионнан астам айыппұл салынды. Және де нысандардың қызметі бір айдан үш айға дейін тоқтатылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!