Спирт зауытының 200 жұмысшысы жұмыссыз қалуы мүмкін – Ақмола облысы
Ақмола облысындағы 112 жылдық тарихы бар Айдабол спирт зауытының аяқ астынан жабылатынын естіген 200 жұмысшы өре түрегелді. «Кәсіпорын жұмысын тоқтатса, осы маңдағы Айдабол, Красиловка ауылдары да құрдымға кетеді» - дейді жиналғандар. Өйткені жергілікті халықтың жалғыз табыс көзі – спирт зауыты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
19.02.2021
Кәсіпорын басшылығы оларға жеті ай бойы жалақының 50 пайызын ғана төлеп тұрамыз депті. Себебі, нарықта спиртке сұраныс азайған. Яғни ащы судың көптігінен өнім өтпей жатыр екен. Сондықтан өндіріс көлемін қысқартады. Алайда ондағы күрделі коммуналдық желіні қыс ішінде тоқтата салу тегін емес дейді жұмысшылар.
1906-жылы ашылған Айдабол спирт зауыты осы маңдағы ауыл тұрғындарының жалғыз жұмыс орны. Қазірдің өзінде кәсіпорында 210 адам жұмыс істейді. Енді бір аптадан кейін зауыт мүлдем жабылады дегенді естіген жұрттан маза қашқан. Өйткені бір ғасырда спіит өндіру олардың ата кәсібіне айналғандай.Ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, осы кәсіпорында еңбек етіп келеді екен.
Бүгін мұржасынан түтіні будақтап шығып жатқан спирт зауыты ақпанның 26- сы күні мүлдем жұмысын тоқтатады. Жоғарыдан сондай шешім шыққан. Өйткені спиртке деген сұраныс азайыпты. Табыс та жоқ. Бұл жайсыз хабар жұмысшыларға оңай тимеді. Олардың арасында көп жыл еңбек орнын ауыстырмай, саналы ғұмырын осы кәсіпорынмен байланыстырған жандар бар. «Енді қайда барып күн көреміз?» - дейді олар.
Қымбат Жұмабаева, жұмысшы:
- Осы зауытта жұмыс істегеніме 22 жыл болды. «Зауыт жабылады» деді. Қашан жұмыс істелінеді, ол да. белгісіз деді. Ешқайсысы білмейді. Күзге дейін деп қана айтылды. 50 пайыз төлесе де, ол бізге жетпейді. Бәріміз несиеде отырмыз. Бір бөлке нан алатын шамасы жоқтар бар.
Негізінен зауыт жұмысшыларының жалақысы небәрі 50-60 мың теңге. Жұмысшылар тіпті жалақыны өсіруді сұрамайды, Барға қанағат етіп, жұмысты жалғастыра берсек дейді. Бұл жағдай әсіресе ауыл тұрғындарына қиынға соққалы тұр. Спирт зауыты пайда болғалы Красиловка, Айдабол ауылының малы спирт өндірісінен қалған быламықты жем азыққа айналдырған. Оны кәсіпорыннан үйді-үйге әкеліп, құтыларға құйып алу дәстүрге айналған. Енді жылдар бойы ауылға жасалған қамқорлық та, малға берілген быламық та әдірам қалғалы тұр.
Петр Ольферт, «Айдабол спирт зауыты»АҚ президенті:
- Бұлай дабыл қағып, жұмысшылардың шулап тұрғаны, зауытты Global Beverages компаниясының басшылығы жабуды ұйғарды. Өйткені шығарылған тауар өтпей жатыр. Біздің өніміміз тым қымбат. Өйткені қазір мазут та, шикізат та қымбаттап кетті. Әзірге қырқүйекке дейін 50 пайыз жалақымен демалысқа жібереміз.
«Қыркүйектен кейін зауыт жұмысы жалғаса ма? деген сауал барлық жұмысшыны мазалайды. Ал компания басшылары бұл бизнесті құтқарудың «уақытша амалы» дейді. Алып кәсіпорын қайтадан тыныс ала ма? Оны енді уақыт көрсетеді. Жұмысшылар бұл сұраққа облыс басшысынан да жауап күтіп жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!