Жезқазғанда мембағдарламамен баспана алған 9 отбасын үйінен қуып жатыр
Жезқазғанда мемлекеттік бағдарламамен баспана алған 9 отбасы үйінен қуылып жатыр. Себебі, жергілікті билік кезектегілерге пәтер үлестіруде қателік жіберген. Енді екі жыл бойы тұрып келген азаматтар пәтерін босатуы тиіс.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
19.02.2021
Тіпті әрең жеткен баспаналарын сақтап қалу үшін жауаптыларды сотқа да берген. Бірақ шешім бұлардың пайдасына шықпапты. КТК тілшісі бар баспана бұйырмағандардың уәжін тыңдап келді.
Төрт баланың анасы Ұлболсын Әйкенова мектепте жұмыс істейді. Пәтерге қол жеткенге дейін 11 жыл кезекте тұрған. «Баспана кілтін табыстағанда, бақыттан басым айналғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» - дейді. Пәтер жалдаудан шаршаған отбасы жиған-тергенін салып, өздерінше жөндетіп алған. Бақытты отбасының шырқын әкімдіктен келген қағаз тас-талқан етті.
Ұлболсын Әйкенова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Үкіметтен үй берілді деп, есіміз шығып қуанып, бала-шағамызбен үйге кірдік. Енді аяқ астынан бізді шығарып жібереді, «шығыңдар» деп айтады деген ойымызда жоқ. Естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Ешқандай көңіл күй жоқ. Не жұмысымызда, не үйімізде береке жоқ. Аяқ астына біреуіміз ауырып, біреуіміз құлап қалдық.
Осындай жағдай 9 бірдей отбасының басына келді. Бірден наразылығын жіпке тізіп сотқа жүгірген. Бірақ одан қайыр болмады. Себебі, бұл баспана бағдарлама бойынша бюджеттік мекеме жұмыскерлері емес, жетім-жесірлерге берілуі тиіс екен. Пәтерлерге қоныстанып алғандардың да кінәсі жоқ.
Дина Шәкенова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Ертең бізге шық десе, қай жаққа барамыз? Баратын жер жоқ. Далада қалдық деген осы ғой енді.12 жыл кезекте тұрып осы үйді алдық қой. Енді қазір зейнет жасындамыз. Қазір үй деген қымбат. Баратын жер жоқ. Қуанып кірдік, бала-шағамызбен, бір жылдан кейін жаңағы хат келді.
Жезқазған билігі қатты қателескенін мойындап отыр. «Обалына қалған отбасыларды далада қалдырмаймыз» - дейді. Осы мақсатта бюджеттен қаражат бөліп, қаладан басқа баспана іздеп жатыр екен. Ал баспана бөлуде қателік жасаған қызметкерлер жұмыстан қуылыпты.
Қайрат Бапанов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Тұрғын үй комиссиясы шешкен сол уақытта. Шешім қабылдаған. Қазір прокуратураның қарсылығы бойынша біз ол кісілерді сотқа бердік. Сот шешімі бойынша ол кісілер сол үйден шығарылуы керек. Бірақ басқа үй берілу керек деген шешім шығарылды. Бүгінде 9 үйді сатып алуға конкурс ұйымдастырып жатырмыз.
Жезқазғанда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан баспана аз. Сондықтан үйінен кетуге мәжбүр қылған 9 отбасы су жаңа үйден үмітін үзеді. Сот шешімін орындауы тиіс жергілікті билік оларға қаладағы ескі үйлерден пәтер алып бермекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!