{metadescription}
Аймақтардан репортаж: Бұрқасын қар, жаңбыр, көктайғақ, дауыл, жол апаттары
Аймақтардан репортаж: Бұрқасын қар, жаңбыр, көктайғақ, дауыл, жол апаттары

Аймақтардан репортаж: Бұрқасын қар, жаңбыр, көктайғақ, дауыл, жол апаттары

Еліміздің басым бөлігінде бұрқасын қар мен жаңбыр жауып, тұрғындарды әбден әбігерге салып жатыр. Мәселен, көктайғақтан Семейдегі травматология орталығы бір тәулікте сынық жарақатын алған науқастарға лық толды. Ал дүлей дауыл Жамбылдың тас-талқанын шығарса, ақтүтек боран Петропавл мен Көкшетауды бір шайқап өтті.

Бұрқасын салдарынан Зеренді-Айдарлы бағытындағы тас жолда жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам қаза тапты.

Мың құбылған ауа райы қостанайлық полицейді әп-сәтте жұлдыз қылды. Оның ақтүтек боранда көліктің алдына түсіп алып, жол көрсетіп жүгірген видеосы әлеуметтік желілерге ілезде тарады. Патрульдік полиция батальонының инспекторы бұл қадамға жолда қалған жүргізушіні құтқару үшін барған.

Дүлей дауыл Жамбылды да жапырып өтті. Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан жел ағаштарды құлатып, электр желілерін қиратқан. Соның салдарынан Тараздың кей аудандары жарықсыз отыр. Ал 15-ші ықшамаудан тұрғындары шатырсыз қалды. Күшті жел бірнеше көпқабатты үйдің төбе жабындысын ұшырып әкеткен. Әзірге келтірілген шығын көлемі белгісіз.

16 үйдің шатыры ұшып, 14 үйдің алдында тұрған көліктерді басып қалды. «Көліктеріңізді абайлаңыздар».Барлығы көлігін алып қашып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында ақтүтек боран жұртты шырғалаңға салды. Петропавлда қалың қардың арты бұрқасынға ұласқан. Соның кесірінен қала іргесіндегі ауыл тұрғындары жолдың жоқтығынан діттеген жеріне жете алмай әлек.

Қарлы бұрқасын Көкшетауды да айналып өтпеді. Екпіні қатты желден таяқ тастам жер көрінбейді. Соның салдарынан Зеренді-Айдарлы бағытындағы тас жолда жантүршігерлік жол апаты болды.  «Тойота» және «Ваз» көліктері бетпе-бет соғылған. Екі көліктің де де сау тамтығы қалмаған. Оқыс оқиғадан 7 адам зардап шегіп, оның үшеуі қаза тапты. «Қолайсыз ауа райына қарамастан, жолға шыққандардың қатары азаймай отыр» - дейді құтқарушлар.

Қанат Доспаев, Акмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қар құрсауында қалған 65 автокөлік құтқарылды. Көлікте болған 70-ке жуық адам жылы орынға жеткізілді. Олардың ішінде жеті бала бар. Сондай-ақ ауа райы салдарынан облыста 15-ке  жуық жол апаты болды.

Семейде толассыз жауған жаңбыр шаһарды мұз құрсандырды.

Соның салдарынан бірнеше бағыттар бойынша жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтады. Бүгінде,  жергілікті травматология орталығы аяқ-қолын сындырған науқастарға лық толған. Онда бас-аяғы екі сағаттың ішінде  сынық жарақатымен 17 адам жеткізілді. Көбі егде жастағы кісілер.

Дәурен Дүйсембаев, Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Таңертеңнен бері 35-37 адам болып қалды. Үлгермей жатырмыз. Екі дәрігер, екі медбике және көмекшілер қосылды. Адамдарға айтқым келеді: ауа райы бұзылған кезде үйден шықпай отырыңыздар.

Дегенмен таңсәріде күре жолдарға қойылған кейбір тосқауыл алынды. Әзірге тек Семей-Павлодар бағыттындағы тас жол жабық. Әйтсе де синоптиктер ауа райының әлі де құбылатынын жеткізді. Олардың болжамына сенсек, алдағы тәулікте кей өңірлерде саршұнақ аяз болады. Сондықтан құтқарушылар жұртқа аса маңызды болмаса, алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.