Өрт неге көбейді?
Алматыда жер үй отқа оранды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Ал тұрғындардың салғырттығынан соңғы кездері өрт көбейгенін айтқан төтеншеліктер шаһар орталығындағы жер үйлерді жіті тексеріп жатыр.
Автор: Мақсат Мәлік
22.02.2021
Әтіргүл Қадырова:
- Көршім келіп есікті қақты. Шықсақ, үйдің шатыры жанып жатыр. Содан сасқанымыздан бәріміз жабылып су алып шаша бастадық. Содан болмады, сасқалақтап қалдық. Содан өрт сөндірушілерді шақырдық.
Таңғы сағат алты шамасында шатырдан басталған өрт лезде өршіп, тұрғындардың өз күшімен сөндіруіне ырық бермеген. Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап, газ баллонын сыртқа шығарып үлгеріпті.
Болжам бойынша өртке әлектр сымының қысқа тұйықталуы себеп. Ал төтеншеліктер қарапайым қауіпсіздік ережесі сақталмауынан, әсіресе көмір жағатын жер үй орналасқан аумақтарда жиі өрт болатынын айтады. Мамандар пештің жанына киім немесе отын кептірудің өзі қауіпті дейді. Алайда тұрғындар ескертуге келген өрт сөндірушілердің сөзіне құлақ аспақ түгілі, есігінен сығалатпайтын көрінеді.
Виктор Выхристов, Бостандық аудандық ТЖ басқармасының аға инженері:
- Қызметкерлеріміз күнделікті алдын алу шараларын жүргізеді. Өкінішке қарай, қанша тұрғынның өрт қауіпсіздігін сақтамай отырғанын дөп басып айта алмаймыз. Көбі үйіне кіргізбейді. Соның кесірінен ол баспанада қандай пеш орнатылғанын білмейміз. Биыл өрт шығу дерегі көбейді. Біздің ауданның өзінде жыл басынан бері 17 өрт болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!