{metadescription}
I-топтағы мүгедектерді күтушілер жалақысыз қалған – Алматы облысы
I-топтағы мүгедектерді күтушілер жалақысыз қалған – Алматы облысы

I-топтағы мүгедектерді күтушілер жалақысыз қалған – Алматы облысы

Қоғамдық бірлестік қан қақсатты. Алматы облысында бірінші топтағы мүгедектердің күтушілері осылай деп наразылық білдірді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды күтіп, бағатын жеке көмекшілері еңбек ақысын бірнеше айдан бері жырымдап алып жүр.

Әлеуметтік қызметкерлер мүгедектердің күтіміне бөлінген қазына қаржысын делдал ұйым қалтасына басып жатыр ма деп күдіктенеді. Ал ұйым басшысы мұның барлығын жоққа шығарды.

Арбаға таңылған Гүниса Сағированың күтушісі жанынан бір елі ажырамайды. Күнделікті баратын жеріне жетектеп апарады. Тамағы мен дәрісін де береді. Бірақ бұл еңбекті қоғамдық бірлестіктің елемеуі мүмкіндігі шектеулі жанның жанына батқан. 

Гүниса Сағирова, бірінші топтағы мүгедек:

- Жеке көмекшілер де адамдар. Жалақыны толық бермесе, олар қалай өмір сүреді? Олардың да бала-шағасы бар. Алматыда барлығы толық жалақы алып жатыр. Біздің көмекшілерге тиын береді. Не үшін? Біз ауылда тұрсақ, адам емеспіз бе?!

Еңбекшіқазақ ауданында Гүниса сынды  бірінші топтағы 320 мүгедек бар. Оларды күтіп, бағатын адамдар бірнеше айдан бері жалақы ала алмай жүр. Әлеуметтік қызметкерлер: «Бізге тиесілі қазына қаржысына ұйым басшысы қол салды ма?» деп күдіктене бастапты.

Бақытгүл Досанова, әлеуметтік қызметкер:

- Бізге, көмекшілерге берілетін ақшаны жеп отыр. 100 мың теңге алудың орнына 37 мың, 30 мың, желтоқсанда 25 мың теңге. Жарты ақшамызды толық төлемеді. «Біз порталға өтейік, Үкіметтің қарамағына өтейік» деп шулап тұрмыз осы жерде.

Күтушілер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың «делдал ұйым жабылсын» деген талабы ортақ. Көпшіліктің жанайқайын осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы тыңдауға келді. Ол мүгедектердің күтіміне бөлінетін әр тиын тиісті жеріне жетеді деп ақталды.

Ахмет Елібакиев, «Мейірімді ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бізге қанша ақша бөлінсе, сол ақшаны осы елге бөліп береміз. Біздің жұмысымыз сол. Жеп қойды деген әңгіме жоқ. Бізді бақылайтындар көп. Салық комитеті, облыстан және портал. Біз қағаз жазғанда тексеріледі

Бұл жаттанды жауаптан мүгедектердің көмекшілері ашуға мінді. Жиналғандарды тіпті ауданнан келген атқамінерлер де тыныштандыра алмады.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері жалақының кешіктірілуіне жеке көмекшілердің күрт көбеюі себеп дейді. Алайда олар бұл мәселені шешу үшін қазынадан қосымша қаражат бөлінгенін жеткізді. Дегенмен әлеуметтік қызметкерлер бұл жауапқа сенбейді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың күтушілері базынамызды облыс әкіміне жеткіземіз деп бекініп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 ақпан

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде