Елордада карантин тәртібі жеңілдетілуі мүмкін
Елордада карантин тәртібі жеңілдетілуі мүмкін. Қала қазір тұрақты түрде «сары» аймақта тұр. Егер қала осы апта бойында да сол күйінде тұрса, онда біраз шектеу алынады.
Автор: Ербол Тұрымбет
22.02.2021
Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, елорда тұрғындары арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші азайып келеді. Қаңтарда 3763 адам жұқтырса, осы айда 2192 жағдай тіркелген. Қала 8-10 ақпан аралығында «қызыл» аймақта тұрғанымен, жұқтыру көрсеткішінің азаюына байланысты қазір «сары» аймаққа өткен.
Карантин қала мектептерінде де жеңілдетілуі мүмкін. Оқу жылы басталғалы коронавирусқа тап болған оқушылар саны мыңнан асқан. Бірақ соның 232-сі ғана кезекші сыныптарда жұқтырыпты. Қалған 785 жағдай үйінде қашықтан оқитындар арасында тіркелген.
Қалада бүгінге дейінгі карантинге жабылған мектеп саны 79-ға жетті. Оның ішінде біразы қайта ашылып, қазір 21 мектеп қана жабылған күйінде тұр
Сарқыт Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
- «Қазір бүкіл мектептерді карантинге жабу дұрыс па?» деген мәселе талқыланып жатыр. Өйткені қалада эпидемиялық ахуал жақсарса, онда қаладағы мектептер толық карантинге жабылмауы мүмкін. Яғни вирус жұқтыру жағдайы тіркелсе, мектептің бір сыныбын немесе бір қабатын ғана карантинге жабуды қарастырып жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!