Петропавлда газ жарылған үй бюджет қаржысына жөндетіледі
Петропавлдағы газ жарылысынан өртеніп қабырғасы қақыраған бес қабатты үй бюджет қаржысына жөнделеді. Бүгін оқиға орнына барған облыс әкімі осылай деп мәлімдеді. Зардап шеккен отбасыларға қаржылай да көмек көрсетілмек. Жойқын жарылыс кеше екі адамның өмірін жалмаған. Ал 120 адамды көшіруге тура келді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
22.02.2021
Төтенше жағдайлар қызметі бірінші қабаттағы дәмханада газ баллоны жарылған деп отыр. Сондықтан астыңғы қабаттағы кәсіпкерлік нысандарға көгілдір отын пайдалануға тыйым салынатын болды.
Тұрғындардың зәре-құтын қашырған жарылыс бірінші қабаттағы «Қаражорға» дәмханасының ас бөлмесінен шыққан. Бүгін оқиға орнын зерттеп, зерделеген төтенше жағдайлар қызметі осындай болжам айтты. Бірінші қабатта одан басқа шаштараз және тағы бір дәмхана орналасқан екен. Күшті дүмпуден кәсіпкерлік нысандарының арасын бөліп тұрған қабырғалар қирап қалған. Қазір үш мекеменің арасы ашық жатыр.
Рамиль Камалов,СҚО ТЖД бастығы:
- Алапат өртте әсіресе үйінде жоқ адамдарды іздеу, олардың есігін бұзып ашып, бар-жоғын анықтау қиын болды. Өйткені құлаған үйінді астында кімнің қалғанын анықтауымыз керек болды. Қазір өртті анықтауға арнайы зертхана жұмысқа кірісті. Және де үй қабырғаларының негізгі құрылысы қаншалықты зардап шеккендігі де тексеріліп жатыр. Әзірге нақты жарылыстың шығу себебі анықталған жоқ.
Төтенше оқиғадан екі адам мерт болып, 16 адам медициналық көмекке жүгінген. Қазір 20 жастағы бойжеткен ауыр халде жатыр. Оның денесінің 65 пайызын күйіп қалған. Ал екі жігітке жедел ота жасалыпты. Тағы 8 адам күйік және түрлі дене жарақатымен ем-дом алып жатыр. Баспанасыз қалған 57 адам университет жатақханасына орналастырылған.
Бүгін облыс әкімі алапат өрт болған үйге келіп, ғимаратты өз көзімен көріп шықты. Құмар Ақсақалов қиын жағдайға тап болған тұрғындарға барлық көмек беріледі деді.
Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:
- Пәтер иелеріне қаржылай көмек жасалынады. Және де осы ғимаратты толық қалпына келтіруге қала бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, біз жөндейтін боламыз. Енді бұндай оқиғалар болашақта болдырмау үшін тиісті комиссия құрылып,сол комиссия құрамына прокуратура өкілдері, ТЖ департаментінің өкілдері, әкімдік және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы өкілдері кіреді.
Құрылған комиссия бірінші қабатта орналасқан кәсіпкерлік нысандарын тексереді. Оларға бұдан былай газ баллонын пайдалануға тыйым салынады. Қазір коммуналдық қызметтер де осы үйдің құбырларын тексеріп жатыр. Ал құрылыс компаниялары үйді қалпына келтіруге кірісу үшін зертхана қорытындысын күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!