Тауы шағылған ақтаулық науқас Президенттен көмек сұрайды
Ақтаулық тұрғын бес жылдан бері «дәрігерлер дұрыс диагноз қоймады» деп шағымдануда. Жүрегіне ота жасатқан науқас тіпті о дүниеден оралыпты – клиникалық өлімге душар болған Аманбек Қожықбаев бәріне дәрігерлерді кінәлап отыр. Ақ халаттылардың қателігін айтып талай табалдырықты тоздырған. Алайда еш нәтиже жоқ дейді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
23.02.2021
Ал Гиппократ антын қабылдаған мамандар барлығын медициналық тұрғыда дұрыс жасадық деп ақталуда
- Жылап көрген жоқ едім. Тіпті бәрі жабылып кетті. Оны білемін. Мың арыз жатыр менде.
Шарасыздықтан көзіне жас алған Аманбек Қожықбаев дәрігерлердің қойған қате диагнозынан денсаулығым сыр берді дейді. Айтуынша, бес жыл бұрын жүрегіне ота жасалған. Бірақ үш айдан кейін пышақ тиген жерге сары су жиналып ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізіліпті. Бір апта ем-дом алып үйіне шыққанда жағдайы тіпті нашарлған. «Ұмытшақтыққа тап болып, тұтығып, аяқ-қолым дірілдеп жүре алмай қалдым» - дейді. Себебі, ақ халаттылар жүрекке жиналған сары суды алмаған деп отыр.
Аманбек Қожықбаев, II топтағы мүгедек:
- Шетелден сарапшылар шақырсын. Менің күннен-күнге денсаулығым төмендеп бара жатыр. Өмір сүру қиындап кетті. Сіздің араласуыңызды сұраймын, құрметті Президент!
Миуа Берікбаева, А. Қожықбаевтың жұбайы:
- Теріс емдеген болып тұр. Тек терапевт арқылы емдей берген бұл кісіні. Қан қысымын, асқазанын. Егер де сары суды алған жағдайда, клиникалық өлімге ұшырамайды екен. Клииникалық өлімге түскен кезде бұл кісіге мынадай дәрілер беру керек екен: андреналин, мезатона, атропин, хлор кальций.
«Тиісті дәрі қабылдамағаннан әрі клиникалық өлімді бастан өткізгеннен кейін жағдайы күрт нашарлады» - дейді науқастың жұбайы. Ал жекеменшік клиникаға тексерілейін десе, бағасын қалтасы көтермейді. Сондықтан қаңтарда өзі тіркеуде тұрған емханадағы невропатологқа қаралған. Дәрігер «мидағы қан айналымының бұзылуы» деген диагноз қойыпты. Осылайша бес жыл бойы дәрігерлер тек жүректі ғана емдеп келді дейді.
Алайда ақ халаттылар науқасқа қажетті ем-домның барлығы жасалды деп ақталуда.
Хадим Меңдіханов, Ақтау қалалық №2 емхана директорының орынбасары:
- Бізден қателік кетпеген сияқты. Бірақ сонда да бұл кісі маған сарапшы керек деп жүр. Біз оны өзіміз тарта алмаймыз. Бұл кісі бізді сотқа берді, оны емдеген мамандар қатысты, бұл кісі сотта жеңіліп қалды. Ол бізде 2017 жылдың қаңтарынан мүгедектік алды, сол диагнозымен.
Аманбек Қожықбаев осы уақытқа дейін шағымын денсаулық басқармасына, қалалық әкімдік, прокуратура мен сотқа да жазған. Бірақ ешқайсысынан көмек болмай тауы шағылыпты. Амалы таусылған науқас енді президенттен көмек сұрауға мәжбүр. «Білікті сарапшылар ақтаулық дәрігерлердің қателігін әшкерелеп берсе» - дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!