Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға субсидия беріледі
Әкімдікте үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға мемлекеттік баспананы жалдау ақысына субсидия беріледі. Ол өңірлер үшін 60 мың, елорда үшін 90 мың теңге көлемінде бекітіліп отыр. Елдегі баспана кезегінде тұрған 500 мыңнан аса отбасын салалы министрлік осылай азайтуды көздейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
23.02.2021
Бірақ бұлай мәселенің шешілуі қиын секілді. Өйткені жыл сайын баспана кезегіне тұратындар саны 50 мыңға артып келеді. Бүгін Үкімет отырысында сөз болған осы жайды елордалық тілшіміз тарқатады:
Мемлекеттік субсидия және жеңілдетілген ипотека. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті әкімдіктерде үй кезегінде тұрған мыңдаған отбасын екі түрлі жолмен баспанамен қамту жоспарын жариялады. Оның бірі көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған немесе жағдайы төмен отбасылар болса, екіншісі баспанаға мұқтаж мемлекеттік қызметкерлер.
Жаңа баспана саясаты бойынша, алдымен «Отбасы банкі» жанынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады. Ол тұрғын үйге мұқтаж жандарды есепке алу, баспананы кезегімен бөлу шараларын бір орталықтан жүргізіп отырады. Жалпы бүгінде бүкіл әкімдіктерде 548 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде отбасылық табысына қарай екіге бөлінеді.
Субсидия отбасылық табыс әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса ғана беріледі. Олар көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жетімдер сынды әлеуметтік осал топтар. Ал төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болса, оларға жеңілдетілген ипотека ұсынылады.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Бұл механизмде сондай-ақ, жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыратын, тұрғын үй қорын басқаратын және жалға алушылармен шарттар жасасатын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын іске қосу ұсынылады. Жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысынан 21 айлық есептік көрсеткіш (Нұр-Сұлтан қаласы үшін 31 АЕК) мөлшерінде жалға алу ақысын субсидиялау ұсынылады.
Өңірдегілерге 60 мың, елордада 90 мың теңге субсидия берілмек. Мұндай пәтерлер қалай салынады? Жергілікті әкімдік құрылыс компаниясына үй салатын жер тауып береді. Компания сол жерге үй салып, ондағы пәтерлердің жартысын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сатуға міндетті. Яғни ол не мемлекеттік, бюджет қызметкерлеріне жеңілдетілген ипотекамен беріледі. Болмаса, әлеуметтік осал топтарға жалға беріледі. Биыл осындай 30 мыңнан астам адам баспаналы болмақ.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Мемлекеттік инвестициялар есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамды қолдаумен қамту жоспарлануда. 22,5 мың (1,3 млн шаршы метр) әлеуметтік тұрғын жай салынып, сатып алынады және кезекте тұрғандарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыздар беріледі.
Жалпы елімізде жыл сайын баспана тұрғызу көлемі ұлғайып келеді. Былтыр республика бойынша 15 миллион 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Ол алдыңғы жылға қарағанда шамамен 17 пайызға жоғары. Ал биыл министрлік оны 17 миллион шаршы метрге жеткіземіз деп кеуде қағып отыр.
Алайда елімізде жаңадан салынған үй саны қанша артып бара жатса, баспанаға қолы жетпей, үй кезегіне тізіліп жатқандар саны жыл сайын 50 мың адамға артып келеді екен. Миллиондаған шаршы метр кім үшін салынып жатқанын түсініп болмайсыз. Құрылыс көлемі артқанымен, шаршы метр бағасына келгенде министрлер жақ ашпайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!