Атырауда мұнайшыларды емдеген дәрігерлер үстемақысыз қалып, жұмыстан қуылған
Атырауда коронавирусқа шалдыққан мұнайшыларға ем-дом көрсеткен дәрігерлер жұмыстан қуылып жатыр. Өйткені жекеменшік емхана қызметкерлері пандемия кезінде жұмыс істегені үшін үстемақы алмапты. Ал ақша сұрай келгендерге басшылық қысым көрсетеді екен.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
23.02.2021
Шыдамы таусылған дәрігерлер тиісті төлемін талап етіп, облыстық әкімдіктің алдында шу шығарды.
Мұнай компанияларына медициналық қызмет көрсететін жеке емхана жұмысшылары маңдай ақы еңбегін даулап жүр. Себебі, пандемия кезінде коронавирусқа шалдыққан мұнайшыларды емдеген дәрігерлер үстемақы алмапты. Ел қатарлы алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылар енді өзіне тиесілі ақшаның төленуін талап етуде.
Гүлфайра Размағамбетова, мейірбике:
- Жағдайы нашарлаған кезде алғашқы көмек жасап, инфекциялық бөлімге жібереміз деді. Ал іс жүзінде олай болмады. Бәрі бізде іште емделді.
Науқастармен күні-түні тікелей байланыста болған дәрігерлер еңбек инспекциясы мен әкімдікке арыз түсірген. Алайда олар жекеменшік емхананың ішкі жұмысына араласа алмаймыз депті. Ал денсаулық сақтау басқармасында дәл осы жерде коронавирустан емделіп шыққандардың тізімі де жоқ болып шықты.
Қайсар Абдалиев, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл клиниканың тарапынан біз осы инфекциялық бөлімде төсек-орындар аштық, науқастарды емдеп жатырмыз деген ұсыныс болған жоқ. Және ол клиниканың әлеуметтік медицина сақтау қорымен ешқандай құжаттары жасалмаған.
Тиесілі үстемақы талап еткендерді енді емхана басшылары қыспаққа ала бастапты. Тіпті кейбірін жұмыстан да шығарып жіберген. Сондықтан Теңіз кенішіндегі мұнайшыларды емдеген дәрігерлердің көбі енді жұмыссыз қаламыз ба деп қорқады. Алайда емхана басшылығы қандай да бір түсінік беруден бас тартты.
Нұргүл Жұбаниязова, мейірбике:
- 25-желтоқсанда бізді автоматты түрде клиникаға аударып жіберді. Біздің орнымызға училишеден жаңа бітрііп келген балдарды алды. Әлі де бітірмеген, дипломы қолында жоқ адамдар қазір біздің орнымызда жұмыс істеп жатыр.
Ақ халаттылардың арызынан кейін денсаулық сақтау басқармасы арнайы коммиссия құрылатынын жеткізді. Алайда алты ай бойы еңбекақы даулаған дәрігерлер әкімдіктің табалдырығын тоздырып шаршаған. Сондықтан қудалау тоқтатылып, үстеме тезірек төленсе дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!