Алматы тұрғындары дүкеннің құрылысын тоқтатып тастады
Құрылысқа жол бермеді. Алматы тұрғындары іргесінде салынайын деп жатқан дүкеннің құрылысын тоқтатып тастады. Жұрт жаңа нысан тұрғызылса, жүріп-тұруымыз қиындап, тынысымыз тарылады деп отыр. Ал кәсіпкер қолындағы құжаттарының заңды екенін айтады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.02.2021
«Саялы» ықшамаудандағы үш үйдің тұрғындары іргесінде басталған құрылысқа түбегейлі қарсы. Сондықтан қараша жер қазып жатқан ауыр техниканың жұмысын тоқтатуға барынша тырысты. Тынышы қашқан жұрт бұл жерге қандай да бір нысан тұрғызылса, тынысымыз тарылады деп отыр.
Марат Кенжебаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Алматыда онсыз да күн ыстық. Мына жердің барлығы бітеліп қалған, ауа кірмейді. Біз ана жерде демаламыз. Мына жерге үй салынса, қапырықта қалай отырамыз, қайда барып демаламыз?!
Назым Барлыбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз мына үйдің несиесін әлі төлеп біткен жоқпыз. Салатын болса, үш метрден ара қашықтық сақтасын деп айттық. Мына жерден өте алмаймыз. Кешке дейін шу болады, неше түрлі жағдай болуы мүмкін.
Ал кәсіпкер дауға себеп болған жерге азық-түлік дүкенін салуды көздепті. Заңды құжаттарын көрсеткен ол жер телімін аукцион арқылы сатып алған екен. Жердің иесі ашулы жұртты сабырға шақырып, барлық талап сақталады деп сендірді.
Тимур Уалиев, жердің иесі:
- Барлық құжатымызды рәсімдеп, осыған дейін үш нысан салдық. Мынау төртінші нысан. Азық-түлік дүкенін салайын деп жатырмын. Талаптардың барлығы орындалады. Бұл кісілер үйді сатып алған кезде мен жерді сатып алдым. Барлық нысанды игере алмай, біртіндеп салып келеміз.
Тұрғындардың наразылығынан кейін құрылыс тоқтап, қазылған жер қайта көмілді. Ал шенеуніктер алдағы уақытта жұртқа түсіндіруді жоспарлап отыр. Тараптар ортақ мәмілеге келген соң, құрылыс қайтадан жандандырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!