Әкім көп балалы аналардың алдына шықпай қойды – Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысындағы көп балалы аналар әкімдік алдында шу шығарды. Олар аймақ басшысы Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап етуде. Әкімнің кабинетіне баса көктеп кірмек болған еді, тәртіп сақшылары жолын бөгеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.02.2021
Көп балалы аналар баспана мәселесін шешіп, балаларының жәрдемақысын көбейтуді талап етуде. Бірақ шенеуніктер тегін таратын үйіміз жоқ деп отыр.
Әкімдікке келген әйелдер қымбатшылықтың кесерінен қиналып жүргенін айтады. Азық-түлік бағасының күн санап өсіп бара жатқанына күйінеді. Сондықтан облыс әкімінен бағаны тұрақтандыруға неліктен әлі келмей отырғанын сұрамақ болған. Бірақ Оңдасын Оразалин кездесуге шықпады. Оның кабинетіне кіріп бармақ болғандарға полиция қызметкерлері бөгет болды.
- Әкім шықсын, әкім шықсын!
Әкімдікке жиналғандар көп балалы аналардың баспана мәселесін шешіп, әр балаға 42 500 теңгедеден жәрдемақы тағайындауды сұрайды. Қазір әлеуметтік көмектің өзі қолымызға тимей отыр деп күйінеді.
Зина Сұлтанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Аналар тығырыққа тірелді. Далада қаңғып жүр. Әлі жетерлік ондай аналарға. Мысалы, баспана мәселесіне келсек. 42 500 теңге бала басына жәрдемақы төленсе дейміз. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бізге жарамайды.
Анаргүл Мұхитова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жағдайы төмен адамдардың жәрдемақысын көтеріп, пәтер берсін. Иә, берсін. Тегін берсін деп жатқан жоқпыз. Тым болмағанда, жалға болса да берсін.
Оңдасын Оразалин өзінің орнына орынбасары мен басқарма басшыларын жұмсаған. Олар көп балалы аналармен жеке-жеке кездесіп, шағымдарын жазып аламыз деп отыр. «Бірақ тегін таратын үйіміз жоқ» - деп ашық айтты.
Мейрамбек Шермағанбетов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Сұрақтарына тиісті жауабын алады. Ол деген бұған дейін келген шығар. Сондықтан тиісті жауабын алады. Шешілетіні шешіледі, шешілмейтінін шешілмейді деп айтамыз. Ол заң аясында болады. Қазір тұрғын үйді алып бере салмайды ғой.
Соңғы бір жылда көп балалы аналар облыс әкімімен осылай бес рет кездеспек болған. Бірақ ешқайсысында Оңдасын Оразалин олардың жанайқайын тыңдауға шықпады. Бұл жолы да мәслихат сессиясында отырмын деп сәлемдеме жолдаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!