Жасы 65-тен асқандарға екпе салу қалай жүргізіледі?
Коронавирусқа қарсы екпе қарияларға да салынатын болды. Еліміздің бас санитар дәрігері жасы 65-тен асқандарды вакциналауға рұқсат беретін қаулы шығарды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі қарияларға жүргізілген екпе туралы ғылыми зерттеу жеткіліксіз деген. Қарттарды вакциналау қалай жүргізіледі? Мамандардың пікірі.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.02.2021
Бұған дейін коронавирусқа қарсы вакцинаны 18-65 жас аралығындағы азаматтардың алуына рұқсат еді. Сол кезде министр Алексей Цой қариялардың бұл қатарға кірмеуін ғылыми зерттеулердің жеткіліксіздігімен байланыстырған-ды. Енді, 65-тен асқандардың да коронавирустан екпе арқылы қорғануына рұқсат берілді. Еліміздің Бас санитар дәрігері мұндай қаулыны шығарып та қойған.
Ерлан Қиясов, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Өндірушінің ресми ақпараты негізінде 65 жастан асқан адамдардың вакцина алуына рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Қариялардың денсаулығында кінәрат болса, ол міндетті түрде ескеріледі.
Қарттарды вакциналау мәселесі көтеріле бастағалы емханаларға келіп сұрақ жаудыратын зейнеткерлер көбейген. Себебі, қауіп-қатерге бейім топтағылар індеттен қатты қорқады екен. Сондықтан екпе арқылы қорғануды қалаймыз дейді.
Айгүл Тұрықбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Емханада 20 жылдан бері диспансерлік есепте тұрамын. Қант ауруымен және артериялық гипертензиямен. Жасым 65-ке толған, енді білуге келіп тұрмын. Вакцина салуға бола ма, болмай ма?
Жас ерекшелігіне қарамастан, екпе салу кезінде азаматтарға қойылатын талап бірдей: жас та, кәрі де, коронавируспен ауырған болса, арада 6 ай өтуі керек. Екпе салдырудан үш күн бұрын ішімдік ішпейді. Созылмалы ауруы болса, ол асқынбаған болуы қажет. Мұның бәрі вакцина салдырғысы келетін адам емханаға келгенде жіті тексеріледі.
Сая Жорабек, №19 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері:
- Ең бірінші, дене температурасын өлшейміз. Өкпені, жүректі тексереміз. Жалпы сұрақтар, анамнезінде аурулардың бар-жоғы немесе созылмалы аурулардың қабыну сатысы, не мазалайтыны жайында сұраймыз.
Дәрігер рұқсат берсе, ол адам вакцина салдыруға жіберіледі. Кейін екпе салынған жерге үш күн бойы су тигізбеу керек. Денсаулық жағдайын ақ халаттылар 21 күн бойы бақылауда ұстайды. Алайда кей дәрігерлер індетке қарсы қолданылып жатқан вакцина туралы ғылыми зерттеулердің әлі де жоғын айтып отыр.
Мұхтар Байсариев, терапевт:
- Аталған вакцина түрінің коронавирус инфекциясына қарсы, 65 жастан асқан кісілерде жүргізілген зерттеулер мағлұматы өазір жоқ. Қандай асқыну, қандай да бір өзгеріс тудыруы жөнінде мағлұмат жоқ. Сол себепті мұны да ескерген жөн.
Дегенмен еліміздің Бас санитар дәрігері вакциналаудың бірінші кезеңінде екпе алған жасы 65-тен асқан медицина қызметкерлері болғанын айтады. Әрі олардан коронавирусқа қарсы вакцинаның кері әсері байқалмапты. Рұқсат сол үшін берілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!